Халқына қалтқысыз қызмет еткен нар тұлға

Халқына қалтқысыз қызмет еткен нар тұлға
nauka.kz

    Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың  қайраткерлік қырына үңілгенде

    Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының, «Қазақ КСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының және «Парасат» орденінің иегері – Манаш Қабашұлы Қозыбаев көзі тірі болғанда үстіміздегі жылы 16 қарашада 90 жасқа толатын еді.

     Қазақстан тарих ғылымының дамуы жолында қарымталы еңбек еткен, ал 90-шы жылдардың басында ескі көзқарастардан бас тартып, жаңа құндылықтарды қабылдау мен пайымдауда жаңа тұжырымдамалық тарихи еңбектер қажет болған тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында отандық тарихшылардың көшбасында болған ғалым көрнекті қоғам қайраткері ретінде де ұлтына адал қызмет еткен азамат.

    Ел мүддесін ұлықтаған қайраткер

    Ойымызды Халық жазушысы, айтулы мемлекет және қоғам қайраткері Ә. Кекілбаевтың  «Біліммен қоса білік деген, азаматтықпен қоса кісілік деген ұғымдар бар. Халық соңғы екеуін алдыңғы екеуінен кем қадірлемейді. Өз басыңды күйттегенде қайсысына жүгіну өз еркің, ал ел мүддесін күйттегенде төртеуіне бірдей жүгіну шарт. Манаш Қозыбаев – осыны терең түсініп, қапысыз меңгергендіктен де саясатқа келген ғалым», – деп берген бағасы нықтай түсері анық. Ақиқатында кемеңгердің сөз астарында талай сыр мен шындық жатыр емес пе?!

    Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен оның алғашқы қадамдарының адымды да қарымды болуы жолында білімі мен қайраткерлігін ұштастыра жұмсай алған ғалымның мерейтойының  тұспа-тұс келуінде де үлкен негіз бар деп ойлаймын. Себебі, М. Қозыбаевтың ғылыми, ғылыми-ұйымдастырушылық және педагогикалық қызметтерімен қатар мемлекеттік және қоғамдық өмірге де белсенді араласқан көрнекті қоғам қайраткері ретінде шыңдалған кезеңі - ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасында басталған қайта құрулардың тұсында ептеп бой көрсеткен демократиялық ағымдар мен сөзбостандығы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін өріс алған ұлттық сана мен тарихи шындықты қалпына келтіру жолындағы алғашқы қадамдар тарихшыларға ғана емес, жалпы қоғамтанушылар үшін жаңа міндеттер жүктеген күрделі жылдар болатын. Ол тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап-ақ оның өткені мен бүгіні, ертеңі туралы тереңнен ой қозғап, мәселе көтерген тарихшы-ғалым және халық қалаулысы еді.

    Он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаты болып сайланған 1990 жылдардың басы М. Қозыбаевтың мемлекет қайраткері ретінде танылған тұсының шырқау шыңы болды.

    Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайлануға жалпы республикалық қоғамдық ұйымдардан 41 ұйымнан 168 кандидат, оның ішінде Ғылым академиясынан - 39 адам тіркеледі. Республика Ғылым академиясынан және оның жанындағы ғылыми қоғамдардан 1990 жылғы 19 наурызда өткен конференциясында сегіз кандидат бес мандатқа үміткер болды. Сайлау қорытындысы бойынша Академиядан ұсынылған - 8 ғалым-қайраткерлерден Ш.Е. Есенов, А.А. Абдуллин, С.З. Зиманов,  М. Қозыбаев, О.С. Сәбденовтер сайланады.

    Депутат Манаш Қабашұлының сайлау алдындағы тұғырнамасында , яғни нақтылы бағдарламасында: саясат, экономикалық дербестік, ҒА жанынан іргелі ғылыми бағыттарды ғылыми сараптау және болжау жөніндегі кеңес құру, ұлттық саясат, экология, ғылым салаларының жағдайын түбірімен өзгерту арқылы жақсарту жан-жақты қаралған. Ғалым-қайраткер ендігі жерде сайлаушылар аманатын орындау үшін осы бағдарламасының үдесінен шығу жолында қызмет етеді.

    Ақтаңдақ жылдар ақиқаты

    Депутат Манаш Қабашұлының сайлау алдындағы платформасында, яғни нақтылы бағдарламасында: саясат, экономикалық дербестік, ҒА жанынан іргелі ғылыми бағыттарды ғылыми сараптау және болжау жөніндегі кеңес құру, ұлттық саясат, экология, ғылым салаларының жағдайын түбірімен өзгерту арқылы жақсарту жан-жақты қаралған. Ғалым-қайраткер ендігі жерде сайлаушылар аманатын орындау үшін осы бағдарламасының үдесінен шығу жолында қызмет етеді.

    Алғашқы қадамдарының бірі, өзі басқарып отырған институт ұжымын сталиндік репрессияның зардаптарын ашуға жұмылдырған ғалым, депутат ретінде бұл мәселені Жоғарғы Кеңестің алдына да қояды. Ғалым Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қараша айындағы сессиясының қарауына «Сталиннің Қазақстан халқына қарсы жасаған қылмыстары туралы» қаулының жобасын ұсынады. Мына бір дерекке көз жүгіртелік:

     

    «Қазақ ССР Президенті Н.Ә. Назарбаевқа

    ҚазССР Жоғарғы Советінің төрағасы Е. Асанбаевқа.

    Қазақ ССР Жоғарғы Советінің қараша айындағы сессиясының қарауына “Сталиннің Қазақстан халқына қарсы жасаған қылмыстары туралы” қаулының жобасын ұсынамын. Мұндай қаулы қабылдау ел арасындағы дау-дамайдың, жел сөздің ініне су құяр еді, республика халықтарын топтастыра, біріктіре түсер еді деп ойлаймын.

    ҚазССР Халық депутаттарына қаулының жобасын ресми құжат ретінде таратып беруге рұқсат берулеріңізді сұраймын.

                                                        Құрметпен, ҚазССР Халық депутаты, 

                                                     академик Манаш Қозыбаев. 3.ХІ. 1990 ж.».

    Тарихи әділдіктің жеңуін, орнауын сұрауы ұлтжанды азаматтың келбетін, шынайы тарихшы-ғалым екендігін танытса керек.

    ХХ ғасырдың 90-шы жылдары «Елдіктің шарты – егемендік, дербестік - даму тұтқасы» деген ұран басшылыққа алынып, қоғам мен халық серпілген тұста Республика дербестігін алу, оның Президентін сайлау керек пе, жоқ па деген сауалдар күн тәртібіне қойылған сәтте депутаттық мінберден уақыт талабына алғашқылардың бірі болып үн қатты. Өз ойын былай білдірді: «Одақтас Республикаға президент керек пе?» деген сұрақты бүгінде ел аузынан жиі естуге болады. Егер Одақтағы Республикамыздың статусы сол күйінде қалатын болса, бұл сұраққа мен «керек емес» деп үзілді-кесілді жауап берер едім. Ал егер Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы жаңа федерацияның құрамына шын мәнінде шартпен еніп, өзінің саяси, экономикалық дербестігіне сөз жүзінде емес іс жүзінде жетер болса, президенттік статус керек. Менің түсінігімше, президент республика басшысы, ел ағасы, демократияны шын мәнінде түсінетін халықтың қорғаны болады. Президент кеңестік парламентке өз қызметі туралы есеп беруге міндетті, халық алдында тәуелді. Олай болса, ол шексіз биліктің, диктатураның иесі болмауы керек. Ол халыққа қалтқысыз еңбек еткенде ғана ел сүйіспеншілігіне бөлене алады. Міне, сондықтан да Одақ көлемінде, республика шеңберінде өміріміздің толғағы жеткен мәселелерін әрі-сәріге салмай, өз билігімен шешетін, ел алдында, халық алдында, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі алдында, өз арының алдында жауап беретін Президент керек деп ойлаймын».

    Қазақстан КП ОК-нің ұлт тарихындағы «ақтаңдақтар» мәселелері жөніндегі идеологиялық комиссиясының жұмысында ғалым-сарапшылар құрамында болған М. Қозыбаев «Қазақстан КП (б) ОК 40-шы жылдар мен 50-ші жылдардың бас кезінде қоғамдық ғылымдар қабылдаған кейбір қаулылары туралы анықтама» және «Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы» жайында анықтама дайындауға белсене қатысады. Комиссияның мақсаты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1930-1950-ші жылдарға дейін қабылданған қаулыларын қайта қарап, әділ бағасын беру. Комиссия құрамына тарихшы, әдебиетші, тілші мамандар тартылып, олар «Қазақ зиялылары ұлтшыл» деген қаулыларды түгелдей қарап шықты. Комиссияның төрағасы және мүшесі ретінде оң тұжырымдарын жазып, ұлы арыстарымызды ақтауға үлкен үлес қосты. 1989-1990 жылдардың басында алашқа мәшһүр азаматтарымыз толығымен ақталып, бұл мәселе өз шешімін тапқандығы белгілі.

    Комиссия жұмысына Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының қызметкерлерімен қатар оның директоры Манаш Қозыбаевтың өзі де белсене кіріседі.

    Осы шақырылымда сайланған ғалым-депутаттар көптеген маңызды заңдар мен құжаттар жобасын дайындап, кейбірі бойынша тікелей ұсыныс жасап қана қойған жоқ, олардың қабылдануына, сондай-ақ жылдар бойы кеңестік идеологияның шырмауында келген халықтың оянуына да ықпал ете алды. Мысалға Қазақстанда басқарудың президенттік формасын енгізу туралы Заңды дайындауда құрамына көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енгізілген жұмыс тобы «қағидалары дауылдарға бергісіз пікірталастардың туғанына» қарамастан оның Жобасын 1990 жылғы 24 көкекте жалпы қарауға ұсынады. Әлі де үстемдігінен айырылғысы келмеген Мәскеудің атынан КОКП ОК хатшысы Разумовскийдің бұл мәселені күн тәртібінен алып тастауды сұрағанына қарамастан, заңның тартысты тұстары болса да депутаттар басым дауыспен оны қабылдайды.

    Сонау көне ғасырлардан бастау алған қазақ халқының өз тәуелсіздігі жолындағы күресі бірде өршіп, бірде саябырсып отырғанына қарамастан үздіксіз жалғастығын тауып келді. Оның айқын айғағы мәңгі мызғымастай көрінген кеңестік биліктің ыдырауына әкелген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі екендігі даусыз. Соның тамаша жеңісі Тәуелсіздік ғасырларға созылған үздіксіз күрестердің жарқын нәтижесі. Қазақ халқы сырттан сыналай кірген шұбарала заңдарға бағынышты болса да, ең алдымен өзінің Далалық заңдылықтары мен құндылықтарын құрметтеп, сөз ұстаған көсемдерін ұлықтай алған ел. Сондықтан да болар республикамыздың шынайы тәуелсіз дамуын заңды тұрғыдан рәсімдеуге жол ашқан «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» дайындаған комиссияның мүшесі ретінде оны халықтық талқылаудан өткізу, ұсыныстар мен ескертулерді жинақтау, сараптамадан өткізу сияқты жұмыстармен қатар мерзімді баспасөз бен ақпарат құралдарында Декларацияның маңызы мен мәнін халыққа түсіндіруде де ғылыми негізделген мақалаларын жазған М. Қозыбаевтың атқарған ісі мен сөзі көпшілік қолдауына ие болды. Конституциялық актілер негізінде құқықтық жолмен орныға бастаған тәуелсіздіктің бұл алғашқы актісі тарихымызда тұңғыш рет Қазақстанның ұлттық мемлекет екенін, мемлекеттік биліктің дербес және толыққанды екендігін мәлімдеп қана қоймай, жаңа мемлекеттік құрылыс пен экономикалық дербестіктің негізін қалап, ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» түгендеуге жол ашқандығын өз мақаларына арқау етті.

    Депутат М. Қозыбаев 1990-1993 жылдары егеменді Қазақстан мемлекетінің Конституциясын, заңдары мен актілерін  қабылдауда орасан зор қайраткерлік танытты. Егеменді, тәуелсіз елдің Негізгі заңы – Конституцияның жобасын талқылау барысында ондағы кемшіліктерді ашық айта отырып, өз ұсыныстарын да жеткізеді:

    - жобаның басты кемшілігі – қазақ мемлекетінің ұлттық сипаты ашылмайды.

    - 8-бап – қазақ тілінің мемлекеттік санатын ашып, дәрежесін анықтау керек, «мемлекет ұлттық тілдердің пайдаланатын аясын сақтауға гарантия береді, олардың еркін дамуына қамқорлық жасайды» деп көрсетуді ұсынады.

    - «Азамат, оның құқықтары, бостандығы мен міндеттері» бөлімінің негізгі кемшілігі – социализмнің азаматқа берген экономикалық, әлеуметтік праволарынан шегінгендік бары. Әсіресе, нарықтық экономика тұсындағы білім беру жүйесінің адам құқығына нұқсан келтіретіндігі, еңбек етуге мемлекеттік дәрежеде кепілдік берілмесе, жұмыссыздықтың құрығына іліну қаупі барын айта келіп, «жаңа Конституция жобасында бұрынғы социализм алып береген экономикалық, әлеуметтік хұқықтардан бір шөкім де шегінбеуіміз керек, қайта алға жылжуымыз керек» дейді.

    - 2-ші бөлім кемшілігі: ұлттық кәсіпкерлікке қамқорлықтың жоғы. Заңда шетелдік емес, ұлттық кәсіпкерлерді қорғайтын тармақ керек.

    - 3-ші бөлімде – мемлекет, оның органдары мен институттары жөнінде концептуалдық олқылықтар: 67-баптағы С.А. Терещенко ұсынған мемлекеттік шенеуніктерге қамқорлықты күшейту емес, керісінше қоғамның әлеуметтік-экономикалық болмысы зиялы қауымға – ғылым, білім, мәдениет потенциалына қажет.

    - 17-тарау – мемлекеттік қорғаныс пен қауіпсіздік сақтау мақсатында Кеңес Армиясының құрылымынан бас тартып, «бізде жаңа армия болу керек».

    -«Заң жобасы орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылған. Шын мәнінде, Заң жобасы ең алдымен мемлекеттік тілде жазылуы керек еді».

    Осындай батыл ұсыныстарын 1990-1992 жж. Жоғарғы Кеңестің  ұлттық саясат, мәдениет және тіл дамыту комитетінің мүшесі ретінде депутаттық мінберден әлденеше рет көтерген ғалым-қайраткер өзін  ұлттың нағыз  жанашыр азаматы  ретінде көрсетті.

    Егемендіктен – Тәуелсіздікке дейін...

    Республикамыздың шынайы тәуелсіз дамуын заңды тұрғыдан рәсімдеуге жол ашқан «Қазақ Кеңестік  Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» дайындаған комиссияның мүшесі ретінде оны халықтық талқылаудан өткізу, ұсыныстар мен ескертулерді жинақтау, сараптамадан өткізу сияқты жұмыстармен қатар мерзімді баспасөз бен ақпарат құралдарында Декларацияның маңызы мен мәнін халыққа түсіндіруде де ғылыми негізделген мақалаларын жазған М. Қозыбаевтың атқарған ісі мен сөзі көпшілік қолдауына ие болды.

    Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы Заңды талқылаған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы 7-ші сессия мінберінен бұл жеңіс әлемдік үстемдікке тырысып келген империяның құлдырау сәтінде қалдырған мұрасы емес, бұл қазақ халқының сонау Түрік қағанаты құрылған кезеңнен басталған он бес ғасырлық тарихы бар мемлекеттілік пен өз бетінше даму тәуелсіздігін көксеген арманы болды. Сондықтан да мемлекеттілік тәуелсіздік туралы заңда халық тағдырының тарихи сабақтастығы, табанды күреспен алған тәуелсіздігін, әсіресе оны жоғалтып барып қайта алғандығын ашық көрсетіп жазу тарих тағылымы үшін қажеттілігін ашық айтады.  

    Сессия мәжілістері барысында Конституция, тәуелсіздік Декларациясы, тіл, жер, т.б. Қазақстан меншігіне қатыстылар талқылау дау-дамаймен, пікір таласымен өткендігі мәлім. Идеологиялық бодандық менталитетімізден бірден арыла кету оңай соққан жоқ және болашаққа сенімсіздік үрейі жаулаған ел азаматтары да аз болған жоқ. Осы жерде қысқа мерзім ішінде саяси, экономикалық, рухани тәуелсіздігімізді нығайту қажет болған тұста аяқтан шалғандар да табылды. Солардың бірі, депутат Б. Беликтің Конституцияны әлі қабылдауға ерте деген ұсынысын өткізбек болған әрекетіне мінберден жауап берген М. Қозыбаев: «Мен депутат Б. Беликтің Негізгі Заң – Конституцияны қабылдауға әлі ерте дегеніне қосыла алмаймын. Ол мемлекеттің субъектісі – ұлт жоқ дегендей пікір айтты. Сізді ренжітуге тура келіп тұр, ондай ұлт бар, ол – сонау ХVІІІ ғасырдың ортасында, жоңғарлармен күрес барысында қалыптасқан қазақ ұлты. Қазақстанда одан басқа жүзден аса ұлт өкілдері тұрады. Олардың негізінде Белик мырза қалағандай жаңа ұлт қалыптасады деп айта алмаймын», - дей келе,  «Қазақ халқы отаршылықтың тепкісі мен азабын әбден-ақ көрген халық. Ал депутат Сенько метрополия тілінің Нигерияда сақталуын метрополияның тарихи маңызы ретінде көрсеткісі келеді. Африка халықтары, Сібір халықтары тілдерінің жоғалуын, қазақ тілінің құрып кетуге шақ қалғанын Ұлыбритания мен Ресей империясының сіңірген еңбегі деу қалай болар екен. Ол мақтаныш емес, ол масқара... Сондықтан да мен айтар едім: «Қымбатты славян әріптестер, рақымды болыңдар, тым болмаса бір рет империялық ойлаудан шығып, қасіреті көп қазақ халқының дамуы мен өркендеуіне бөгет жасамаңдар...»,– деп түйіндейді. Бұл – ел тағдыры шешілер тұстағы Манаш Қабашұлының  ұлт алдындағы перзенттік парызының өтеуіндей болған төрелік кесімі еді.

    Ғалым 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың тарихи маңыздылығы мен қоғам дамуындағы орнын ғылыми тұрғыдан негіздесе, енді халық қалаулысы ретінде осы мәселені  мемлекеттік тұрғыдан қолға алу қажеттілігін көтереді. Тағы да Жоғары Кеңестің атына ұсыныс-хат түсіреді. Хат орыс тілінде жазылғандықтан, үзіндісін аудармасыз беруді жөн көрдік:

     “Председателю Верховного Совета 

    КазССР Асанбаеву Е.М.

       1991 год войдет в историю народов Средней Азии и Казахстана как год памяти национально-освободительного восстания 1916 года. Эта дата в исторической памяти народов региона связана с апогеем освободительного движения и мощным подъемом национального самосознания, консолидации общества в борьбе за суверенитет. В ходе этой борьбы народы Средней Азии и Казахстана понесли невосполнимые людские  и материальные потери, оставшиеся навечно в их памяти ...

       ... В связи с этим считаем необходимым принять ряд законодательных актов, которые будут способстовать восстановлению исторической справедливости.

    1. Объявить День памяти жертв национально-освободительной борьбы казахского народа.
    2. Предоставить казахам, проживающим за рубежом, потомкам борцов за национальное освобождение, жертвам репрессий организованного в 30-х гг. голода гражданство Казахской Республики или статус политических беженцев.

                              Народный депутат М.К. Козыбаев. 16.VI.91 г.».

    Ұсыныс республиканың Жоғарғы Кеңесінің Төралқасында қабылданып, 1992 ж. 31 мамырынан бастап 1931-1933 жылдары ашаршылық тұсында қайтыс болғандарды, яғни нәубет құрбандарын еске алу күні болып жарияланып, жыл сайын аталып өтуде.

    Депутат М. Қозыбаев арқалаған аманаттың салмағы да, берген нәтижесі де әр түрлі комиссиялардың құрамында атқарған істерден анық жарқырап көрініп тұрады. Соның бірі «1928 ж. 27 тамыздағы ХКК мен ҚОАК-тің «Байлар шаруашылығын кәмпескелеуі», 1930 ж. 19 ақпандағы «Ұжымдастыру мәселесін нығайту мен бай, құлақтарға қарсы күрес жүргізуге» қатысты шыққан жарлықтарын тереңдете зерттеу мәселесіне құрылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумы комиссиясының төрағасы міндетінің ақталғандығы. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1991 ж. қарашада құрған Парламенттік арнайы комиссия бір жыл жұмыс істеп, 1920-1930 жж. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және 1931-1933 жж. жаппай ашаршылықтың себептері мен зардаптарын арнайы сараптаудан өткізді. Комиссия құрамына институт қызметкерлері – Қ.С. Алдажұманов, Ж.Б. Әбілхожин, Ю.И. Романовтар тартылды. Олар бұрын зерттеушілер үшін жабық болып келген ҚР ҰҚК мен ІІМ, республикалық, облыстық мұрағаттарында материалдармен жұмыс істеді. Осы топтың жинаған материалдары негізінде 200 беттен астам Баяндама және комиссия Қорытындысы жазылды. Баяндама мен қорытындыда Қазақстанда 30-шы жылдары орын алған оқиғаларға адамгершілік (гуманистік) тұрғыдан тарихи және саяси бағасы беріліп, 1931-1932 жылдардағы аштық құрбандарының саны анықталады және өзге мәселелер де шешімін табады.

    Комиссия жұмысының нәтижелері ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1992 ж. 7 желтоқсандағы мәжілісінде қаралып, қолдау табады. Бұл комиссия жұмысының Қорытындысы барша жұртшылыққа ақпарат және баспасөз материалдары арқылы жақсы таныс. Сөйтіп, Комиссия мүшелері дайындаған құжаттар мемлекеттік мәртебеге ие болады.

    Комиссияның қорытындылары мен ұсыныстары бойынша ҚР ЖК Төралқасы Қаулы қабылдап, ұсынылған шараларды іске асыруды қолға алады. Ал М. Қозыбаев комиссияның кейбір жұмыс қорытындылары хақында өз тұжырымдарын «Қазаққа зұлмат қайдан келді» мақаласында сипаттап берді.

    Осыдан барып, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес қаулысымен «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» комиссиясы құрылып, төрағалығына М. Қозыбаев, орынбасары – Қ.С. Алдажұманов тағайындалды. Осы жерде кеңестік тоталитаризм мен оның зардаптары бұрынғы Кеңестер Одағы республикалары ішінде Қазақстанда ғана тыңғылықты әрі жүйелі зерттеліп келе жатқандығын ерекше атап өткен жөн.

    Академик М. Қозыбаев 30-40-жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын анықтау және оларды ақтау жолында жалпы мемлекеттік маңызы бар көлемді де жүйелі жұмыстар жүргізді. Алматы облысына қарасты Талғар, Іле аудандарының аумақтарында, Кіші Алматы өзені мен Алматы-Николаевка жолы бойында, Әли және Жаңалық ауылдары маңында 30-40-шы жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандары жаппай жерленгендігі анықталды. «Жаңалық» селосының маңындағы зират басында 1993 ж. «Әділет» қоғамы Талғар аудандық әкімшілігімен бірлесіп, сталиндік жаппай сипат алған террор құрбандарының сүйектерін қайта жерлеп, келешек мемориал-кешеннің орнына тас қойылды. Аталған шаралар өз жалғастығын М. Қозыбаев республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы қызметін атқарған 1993 жылдан жанданып, қанатын кең жая түсті. Оның басшылығымен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы 5 томдық «Азалы кітап», Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар туралы 60 томнан асатын «Зерде кітабы» –  «Боздақтар» басылып шықты.

    Манаш Қозыбаев сонымен бірге  Үкіметтік  құжаттардың қабылдануы мен жалпыхалықтық талдануына да барынша атсалысады. Тұңғыш Ата Заң тәуелсіз мемлекеттігіміздің алғашқы қалыптасу сәтінде қабылданған болатын, қоғамдағы үрдістердің жылдам дамуына байланысты араға екі жыл салып барып Жаңа Конституцияның жобасы қайта талқыға ұсынылады. Осыған орай ҚР ҰҒА өткен «дөңгелек стол» барысында академик: «Кіріспе бөлімдегі «Біз Қазақстан халқы» деген тезисті – «біз қазақ халқы және Қазақ мемлекетінде (республикасында) тұратын басқа ұлттардың және халықтардың өкілдері» деу тарихи шындыққа негізделетіндігі туралы, шетелдік ұйымдар бөлімінде шеттен келер діни ұйымдарға тиым салу жайлы мәселе қойды. «Жер жекеменшік болуы мүмкін» 6-баппен еш келісе алмайтындығын айтып,  қазақ зиялылары ғасыр басында-ақ қазақ сахарасында жер сатудың өте қауіпті екендігін дәлелдеп береді. «Бізде шет ел капиталымен ауыз жаласу өмірдегі шындыққа айналып отырған заманда қазақ жерін талан-таражға түсіруді Ата Заңға жазудан асқан күнә болуы мүмкін емес»,- деп төрелігін бірақ кеседі. Орыс тілі мәртебесі туралы: «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен бірдей»  деген тұжырымның орнына «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар (наряду) деп берілсін»  деген ұсыныстары мен ойларын ашық ортаға салған ғалым-қайраткер өзге баптар туралы да нақтылы ұсыныстары мен ескертулерін батыл айтты.   

             «Халықтың мәңгілік ғұмыры оның тілінде» деген халық даналығын басты өмірлік қағидаларының бірі ұстанған М. Қозыбаев және өзге де Ғылым академиясынан сайланған А. Абдуллин, С. Сартаев, С. Зиманов секілді майталман ғалым-қайраткерлер тобы өз мандаттары жүрген ЖК сессиясының тіл мәселесі қаралған мәжілістерінде қазақ тілінің мәртебесін мемлекеттік деңгейге көтеру үшін күресті, өзгелерді де осыған шақырды.

    Осылайша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында М. Қозыбаев елімізде тарихи сананы қалыптастыруға, рухани өмірдің жаңғыруы мен дамуына, ұлтаралық жарасым мен халықтар бірлігін нығайтуға зор үлес қосты. Ол қазақ мемлекеттілігі тарихының, отаршылдық және кеңестік тоталитаризм жағдайындағы Қазақстан тарихының жаңа концептуальдық бағыттарын қалыптастырудың, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың бастау көзінде тұрды. Егер академиктің өз тұжырымымен айтар болсақ «Ер-азаматтың тарланы ұлт перзентіне айналар сәті заманға байланысты. Замана ерді болат семсердей отқа да, суға да салады, шыңдайды, сынайды. Күндердің күнінде көп ішінен көлбең етіп шыққан ер шыңға шығады, ұлт тағдырының бағдарын ұғады, жарқ етіп жұмсақты тіледі, қаттыны жарады.

    Тарих ер ел көсемі дәрежесіне көтерілуі үшін талай сыннан өтетінін көрсетеді. Ұлттық мүддені нысана еткен ол біліктілік көрсетіп, ұлт шеңберінің аясында шектеліп қалмайды, халықаралық тұғырға қонады».

    Ғалым-қайраткер тұлғаның  қоғамдық қызмет жолы да ғылыми-ұйымдастырушылық-шығармашылық мұрасындай қомақты да терең, арқалаған жүгі ауыр. Өзіне де, өзге де талап қоя білген М. Қозыбаев ұлтының адал перзенті ретінде де, халық қалаулысы ретінде де алдына қойған мақсат мүддесінен шыға алды, өзіне артылған сенімді де ақтай алды. Сондықтан алаштың ардақты ұлдарының санатынан ойып тұрып орын алды, оның жарқын бейнесі артында қалдырған құнды да бағалы рухани байлығымен мәңгілікке ұлтының санасында хатталып қалары сөзсіз.