Халықаралық теңіз ұйымы Қазақстанды «ақ тізімге» енгізді

Халықаралық теңіз ұйымы Қазақстанды «ақ тізімге» енгізді
Сурет: Inform.kz

Бұл тізімге кіру отандық теңізшілердің кәсіби дипломдарын халықаралық қоғамдастықтың тануын қамтамасыз етеді.

Халықаралық теңіз ұйымының (ХТҰ) тәуелсіз сарапшылар комиссиясы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қазақстандық теңізшілерді даярлау жүйесінің Теңізшілерді даярлау және дипломдау жөніндегі халықаралық конвенцияның (ДДВА Конвенциясы) талаптарына сәйкестігін тануға және Қазақстанды «ақ тізімге» енгізуге арналған жаңаша өтінімін қанағаттандырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz аталған министрлікке сілтеме жасап.  

Осы тізімге енгендіктен, біздің теңізшілер ДДВА Конвенциясына қол қойған барлық мемлекеттерде жұмыс істей алады. ҚР-ның Ұлыбританиядағы елшілігін ХМҰ сарапшылары елімізде теңіз білімі, кеме экипажы мүшелерін дипломдау және медициналық тексеру, теңіз оқу-тренажер орталықтарын куәландыруға жеткілікті ұлттық нормативтік-құқықтық база қалыптасқан деген қорытындыға келгенін хабарлады.

Осыған байланысты, 2021 жылдың 4-8 қазан аралығында өтетін Теңіз қауіпсіздігі жөніндегі комитеттің 104-ші отырысында ХТҰ Бас хатшысы Комитет мүшелерін Қазақстанның теңізшілерді даярлау жүйесінің Конвенция талаптарына сәйкестігі туралы тәуелсіз сарапшылардың шешімі туралы хабардар етеді. Бұл еліміздің ХТҰ-ның «ақ тізіміне» енгізілгенін ресми түрде растайды.