Халықтан заңсыз сақтаудағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы жалғасуда

Халықтан заңсыз сақтаудағы қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы жалғасуда
Сурет: Egemen.kz

Қазақстандықтар бір айда полицияға 1272 атыс қаруын өз еркімен тапсырған.

ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, қазақстандықтар бір айда полицияға 1272 атыс қаруын өз еркімен тапсырған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Ішкі істер министрлігінің халықтан заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алуға бағытталған республикалық акциясы жалғасып жатыр. Өз еркімен тапсырылған қарудың жай-күйіне қарай әр данасы үшін 10 айлық есептік көрсеткіштен (31 800 теңге – ред) 100 АЕК-ке дейін (318 000 теңге –ред.) төлем көзделеді. Акция басталған айдың ішінде тұрғындар полицияға 1272 дана атыс қаруын өз еркімен тапсырды. Оның ішінде 1 ойық ұңғылы автомат, 188 ұзын ойық ұңғылы мылтық, 4 қысқа ойық ұңғылы автомат, 1067 тегіс ұңғылы мылтық, 12 травматикалық қару, 5 жарылғыш құрылғы және ойық ұңғылы мылтықтың 9,5 мыңға жуық оғы бар», - деді ІІМ өкілі ведомствоның онлайн брифингінде.

Сондай-ақ, Шұғыла Тұрлыбек тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салды. Аталған брифингте бір аптаның ішінде республика бойынша 3184 қылмыс тіркелгені мәлім етілді.