Халықаралық Жер күніне орайластырылған Лондондағы экологиялық жобаға Тамара Асар қатысуда

Халықаралық Жер күніне орайластырылған Лондондағы экологиялық жобаға Тамара Асар қатысуда
Сурет: Tengrinews.kz

Бүгін - Халықаралық жер күні. Айтулы датаға орай Ұлыбританияда экологиялық мәселелерге арналған «Resolution» халықаралық музыкалық жобасы ұйымдастырылды.

Оған біздің еліміз де өз үлесін қосты. Әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар қоршаған ортаны қорғау туралы әннің қазақша нұсқасын орындап, бейнебаян түсірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл - «Resolution», яғни «Шешім» әнінің африкалық нұсқасы. Оны Мозамбик елінің атақты әншісі Стюарт Сукума орындайды. Ал бұл - Біріккен Араб әмірлігі жас әншілерінің бейнебаяны. Мыңдаған өнер адамының басын біріктірген жобаның мақсаты бір – ғаламшарымызға төніп тұрған климаттық және экологиялық қауіпке бүкіл әлем назарын аударту және адамзат баласын табиғатты аялауға шақыру.

Жаһандық бастамаға еліміз биыл бірінші рет қатысты. Қазақстанның Біріккен Корольдіктегі елшілігі британиялық Tackroom Theatre компаниясының өтініші бойынша «Resolution» әнінің нотасын және ағылшын тіліндегі сөзі мен қазақ тіліндегі жолма жол аудармасын орындаушыға жолдаған.  Киіз үй, ұлттық киім, домбыра мен қобыз үні. Жобаға еліміздің атынан халық және эстрада әндерін заманауи нақышта орындайтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар қатысып, өз нұсқасын ұсынды. Қоршаған ортаны қорғауға шақыратын «Жер-ана» бейнебаянына балалар да үн қосып, хормен ән салды.

«Қазақстандық нұсқа өте керемет! Ол жобамызға ерекше рең берді десе болғандай. Тамара есімді ғажап әнші өзі ғана емес, басқа да талантты музыканттар мен балалардың басын біріктіріп, әннің керемет нұсқасын жасай алды және біз оған алғысымызды білдіреміз», - дейді «Resolution» жобасының директоры Эбби Райт.

«Мен қуана-қуана қабыл алдым. Себебі бұл әр адамзат баласының парызы, міндеті деп есептеймін. Менің де, сіздің де міндетіңіз - осы жер шарына өз үлесімізді қосып, оны таза ұстау», - деді әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар.

Жобаны Пол Маккартни, Кира Найтли және басқа да танымал жұлдыздар қолдап отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінде түсірілген музыкалық бейнебаяндар жинағы ірі экологиялық ұйымдардың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы таратылады, бұқаралық ақпарат құралдарында және БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы Конференциясының кезекті сессиясында көрсетіледі.