Халықаралық жасыл технологиялар орталығы мемлекет меншігіне қайтарылды

Халықаралық жасыл технологиялар орталығы мемлекет меншігіне қайтарылды
Сурет: Massaget.kz

Үкімет тиісті қаулы қабылдады.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының акциялары мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы акцияларының жалпы пакетінің 50 процентін + 1 акциясын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын», - делінген қаулы мәтінінде.

Орталық 2018 жылдың сәуірінде экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге бағытталған ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарын енгізу арқылы жасыл технологияларды ілгерілету және бизнесті қолдау мақсатында құрылды.

2018 жылғы желтоқсанда 50 пайыз + 1 акция тікелей атаулы сату арқылы «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ-ға берілді.

Осылайша, акциялар пакетінің 100%-ы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басқаруымен мемлекет меншігінде болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әлия Назарбаева Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының президиумынан кеткен болатын.