Халықаралық фестифальге жол тартты

Халықаралық фестифальге жол тартты

Қаламыздағы Мемлекеттік қуыршақ театры V халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестиваліне қатысады. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль ағымдағы жылдың сәуір айының 20-25 жұлдызы аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.

Өз тарихының 87-ші жылына қадам басқан өнер ұжымы шығармашылық тынысын кеңейтуде түрлі театр фестивальдеріне қатысып, республикалық, халықаралық деңгейде қуыршақ өнерінің беделін арттырып келеді. Күллі қазақ театр өнеріне артылар жүкті тең көтеріп келе жатқан өнер ұжымы еліміздегі екі жылдық шектеулерге қарамастан, бірнеше өнер фестиваліне қатысып, кәсіби деңгейін арттыруда жүйелі жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы да қуыршақ өнерінің қара шаңырағы бірнеше театр фестиваліне шақырту алып отыр. Солардың бірі әрі бірегейі – Ақтөбе қаласында Т.Ахтанов атындағы драма театры ұйымдастырып отырған V Халықаралық «BALAUSA» эксперименталды спектакльдер фестивалі.

Фестиваль аясында еліміздегі 40-тан аса театрлар өтінімінің арасынан ең үздік спектакльдердің басын қосып, заманауи театр кеңістігіндегі жаңа тәжірибелерді сараптайды. Аталмыш фестивальде шетелдік театр сарапшылары қазылық етіп, жаңашылдыққа ұмтылған өнер ұжымының талпыныстарын кәсіби талдаудан өткізеді. Өнер додасына Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарындағы ересектерге арналған «Макбет.Иллюзия» (режиссері: Дина Жұмабаева) спектаклі шақырту алып отыр. 2021 жылдың ақпан айында жарық көрген әлем классикасы бүгінге дейін кәсіби театр сыншыларының жоғары бағасына ие болып, «Сыншылар жүлдесі – 2021» нәтижесінде үздіктер қатарынан көрінген болатын. Спектакльде адамзатқа ортақ мәселені бір отбасының тағдырымен суреттеген ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатады.

Спектакль режиссері Дина Жұмабаева пьеса желісіндегі шотландық корольдің тарихи оқиғасынан бұрын жанұядағы ер мен әйел трагедиясын бірінші орынға шығарып, шығармаға өзіндік интерпретация жасай білген. Сахна кеңістігін игерудің жаңа формасын жасауға деген режиссер талпынысы да сәтті шыққан. Кәсіби әрі көркем ойлардан тұратын спектакль өнер бәйгесінде лайықты орнын тауып, кәсіби бағасын алады деп сенеміз.