Халық бағына туған тұлға

Халық бағына туған тұлға
Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

30 жыл дегеніміз Тәуелсіз мемлекет үшін көп уақыт емес. Тәуелсіздік алған күн­нен бас­тап жаңа жағдай, сол­ жағ­дай ерекшеліктерін көл­денең тарт­қан мүлде басқа мем­лекет­тік ахуал қалыптасты. Гео­саяси кеңіс­тігімізді қайтадан қа­лып­тас­тыру процесіне жаңа көз­қа­распен қарауға қажеттілік туды.

Уақыт өткен сайын өз тари­хы­мызға қайта үңіліп, біздің ата-баба­лары­мыздың сан ғасырлық азат­­тық күресінің жаңа беттерін ашып, Қазақ­стан тәуелсіздігінің көне дәс­түрлерін жаңғыртып, жаңа құн­ды­лық­тарды қалыптастырудамыз. Ғасыр­лар қойнауынан асыл азамат­тарымыздың мұрасын аршып алдық.

Тәуелсіздіктің мәнін толық түсі­ну үшін, ең алдымен тарихымыз­ды білуіміз керек, сол арқылы бү­гінгі заман­ның ерекшеліктерін айқын­дай­мыз және болашағымызды нақты бағ­дарлаймыз. Өз еліңнің тарихын білмей, бүгінгі күнді түсіну қиын болады, сонымен қатар болашақты жос­парлау мүмкін емес.

Тәуелсіздік - біз үшін ұлы ұғым­дар­дың бірі. Оның құнын да, пайдасын да, қасиетін де білеміз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жылдар мен ойлар» кітабында былай деп жазды: «Қазақстан тәуелсіздігінің формуласы – бұл тең мәнді екі ұғымның Азаттық пен Жауаптылықтың қосындысы. Жауаптылықтың арқасында ғана біз дамудың дұрыс стратегиялық жолын таңдай алдық, мемлекет құрып, бейбітшілік пен келісімді сақтап қалдық». Яғни тәуелсіздікке қол жет­кізгеннен кейін, оны мәңгі ұстап қалу, қорғау, нығайту, өркендету – әрбір азаматтың борышы.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны мәңгі ұстап қалу әл­де­­қайда қиын. Бұл әлем кеңіс­ті­гін­де ғұ­­мыр кешкен талай халықтың басы­нан өт­керген тарихи шындық. Өзара алауыз­дық пен жан-жаққа жөн­сіз тарт­қан берекесіздік талай елдің тағ­ды­рын құр­дымға жіберген. Бұл барлық тәуел­сіз елге сабақ болуы керек.

2011 жылы біз Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дық мерейтойын атап өттік. Сол мерекенің қарсаңында Ұлы­бри­танияның белгілі жазушысы әрі қоғам қайраткері Джонатан Айткен менен сұхбат алды. Ол кезде мен Білім және ғылым министрінің орынбасары болатынмын.

Джонатан Айткен егемен Қазақстан және Елбасы туралы бірнеше кітап жазып, олар қазақ және орыс тілдеріне аударылып, жарық көрген. Сұхбат барысында Джонатан Айткен маған бір қызық сұрақ қойды: «Әлемде екі жүзден астам мемлекет бар. Олардың көбінде президенттік басқару жүйесі бар. Олар өз мемлекет басшыларын «Пре­зидент» деп қана атайды. Ал сіздер Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевты «Президент» және «Елбасы» деп атайсыздар. Ол неліктен? Сонда сіздер өз Президенттеріңізді басқалардан артық етіп көрсеткілеріңіз келе ме?».

Мен сонда оған былай деп жа­уап бергенім бар. Президентті Елбасы деп атау – үлкен мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Мем­ле­кет­тің келешегі, халықтың тағдыры алдын­дағы жауапкершілік. Екі мысал келтірейін. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары көп қиындық болғаны бел­гілі: экономика күйреген, саяси жүйе тұрақталмаған, жалақы мен зей­нет­ақы, студенттердің шәкіртақысы уақ­ты­лы берілмеді, халық жылу және электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етілмеді. Сол жылдары Елбасы әлемде теңдесі жоқ Халықаралық «Болашақ» бағдарламасын бекіткен болатын. Оның мақсаты – қабілетті жастарды іріктеп, оларға дамыған мемлекеттер­дің іргелі университеттерінде сапалы білім алуға жағдай жасау болды. Сон­да «Осы бағдарламаның қажеті не, мем­лекеттің жағдайы жақсарған­нан кейін жасауға болмас па еді?» деген пікірлер де айтылды. Ал бүгін мыңдаған жастарымыз осы бағдарлама арқылы шетелде білім алып, елге оралып, әртүрлі салада нәтижелі еңбек етуде. Дана халқы­мыз: «Бір жылдығын ой­ла­ған дән егеді, он жылдығын ой­ла­ған тал егеді, мың жылдығын ойлаған – ұр­пағына білім-нәр егеді», деп білім­нің ырыс қазы­ғы екендігін өсиет еткен. «Бола­шақ» бағ­­дарламасы – тәуел­сіз­діктің ай­­қын көрі­нісі. Бірде-бір дамыған мем­лекет­тің өзінде осындай бағдарлама жоқ. Шетел­де оқитындар өз ақшасына білім алады.

Екінші мысал – астанамызды Ал­матыдан Ақмолаға көшіру. Елба­сы 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақ­­стан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депу­таттарының алдында осы ұсы­нысты жасағанда, олар дауыс беріп сырт­тай қолдағанымен, біразының іш­тей толық келіспейтіндігі көрініп тұрды. Көпшілігі мұны құрғақ қиял деп білді. Жаңа бастамаға сенімсіздік танытып, сары уайымға салынатындар да аз емес еді. Дағдарыс жағдайында осындай орасан зор жобаны қолға алудың қан­шалықты қажеті бар? Көпшілікті ма­за­лаған сұрақ осы еді. Сол кезде үл­кен саяси батылдық көрсетіп, барлық жауап­кер­шілікті Елбасы өз мойнына алды. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. 

Осы екі мысал Елбасы феноменін айқын көрсетіп тұр. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болғаны – Алаш жұртына Алланың берген бағы шығар.

Тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген құндылыққа ие болды. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік. Көп мәселелер Мәскеуге қарап шешілетін. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа ұлттарға жалтақтау психологиясы, «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалыптасты. Құдайға шүкір, Елбасымыздың жастарға деген қамқорлық саясатының арқасында бүгінгі жастарымыз ондай көзқарастан айырылды. Олар – алғыр, келешекке үлкен үмітпен қарайды. Елбасына сенеді, Тұңғыш Президентіміздің сая­сатын қолдайды.

Егемен еліміздің арайлы ақ таңы­ның барқыт пердесін тек белсенді, білімді де білікті жастар ғана аша алады. Сондықтан да болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артқан азаматтары – асқақ рухты, алғыр да айбынды жастар десек, қателеспейміз. «Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады» деп жасампаз елдің жастарына қай уақытта да үлкен сеніммен қараған Елбасымыз: «Мен сіздер, бүгінгі жастар, ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалық­паймын. Сіздер тәуелсіз Қазақ­станда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақ­тарыңыздың уақыты – біздің еліміз­дің көтерілу және  гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын  және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», деп пайымдаған. Расында да, Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосатын, тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, қазақ елінің атын күллі әлемге  көрсететін де  – жастарымыз.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық  мерекесі жаһан жұртшылығын әбігерге салған пан­демия жағдайында өтіп отыр. Әлем­ді шарлаған індетпен ілесіп келген экономикалық дағдарыс қоғамы­мыз­да қордаланып қалған біраз мәсе­ле­нің бетін ашып берді. Әсіресе бұл жағ­­­дай халықтың әлеуметтік жағда­йын көр­сететін денсаулық сақтау, білім беру салаларына үлкен салмақ түсі­ріп, жү­йедегі олқылықтардың орны көрінуде.

Шынын айтсақ, карантин кезінде адамзаттың қоғамдағы көп мәселеге көзқарасы өзгерді, жалпыадамзаттық құндылықтарды ерекше бағалайтын болдық, біздің менталитетіміз, психологиямыз, сана-сезіміміз өзгере бастады. Елбасымыз айтқандай, адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойы­мызға – қажырлық, денемізге – қуат, жү­регімізге сенім ұялатады. Сабыр­лық, тәртіп, жауапкершілік, бірлік пен ын­т­ы­мақтастықтың арқасында қазіргі қиын­дықтарды да абыроймен еңсереміз.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы, педагогика ғылымдарының докторы,

 профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері