Халел БАЯДИЛОВ: Оң өзгерістерге дауыс беремін!

Халел БАЯДИЛОВ: Оң өзгерістерге дауыс беремін!
Сурет: Rruskino.ru

Енжарлық пен «маған бәрібір» деген ұстаным - ең қауіпті дерт...

Желтоқсан ардагері, актер және Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі Халел БАЯДИЛОВ алда өтетін референдумға барып, дауыс беретінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Бұған біз, әрине, қуандық. Біз 1986 жылдың «Ызғарлы желтоқсанында»  демократияға ұмтылып, тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан алғашқылар болдық. Желтоқсаннан соң бес жылдан кейін еліміз егемендігін алып, Тәуелсіз ел болып, өз мемлекетімізді ұлықтадық. Егемендігіміздің елең-алаңында талай тұйыққа тірелдік, талай сыннан өттік, экономикалық-саяси қиындықтар көп болды. Ең бастысы, шекарамызды белгілеп, халықаралық қауымдастықтың толық мүшесі боп, отыз жылды соғыссыз өткіздік. Осы отыз жылда бұрынғы одақтас республикалардың бірталайында қақтығыстар орын алып, географиясы қайта сызылғанын да білеміз. Қазақстанды сондай жағдайлардан құдай сақтады. Десек те, осы отыз жылда Ата Заңымызға бірталай өзгерістер енгізілді. Бәлкім сол уақыттағы саяси ахуалдарға байланысты болар, бәлкім мемлекет басқарудағы қажеттілік шығар, қалайда ол өзгерістер қарапайым халықпен келісіліп жасалған жоқ еді...

 Бүгінде халықпен кеңесіп, қоғамға, мемлекеттік құрылымға, егемен елді басқаруға біршама өзгерістер енгізу уақыты келгендей. Ең бастысы, бір қолға шоғырланған «суперпрезиденттік» биліктен бас тартып, саясаттағы өте жұқпалы «жеке басқа табыну» сырқатын жұқтыру қаупінен бойды арылту керек. Ата Заңымыздан бастап, барлық мемлекеттік заңнамаларды күшейтіп, олардың бұлжытпай орындалуын қадағалау уақыты келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияға толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөнінде рефрендум жариялап отыр. Сонымен қатар бүгінгі таңдағы ең өзекті деген өзгерістерді Ата Заңнан бастап отыр. Менің түсінігімде Қазақстан халқы 5 маусым күні ортақ іске жұмылуы тиіс, референдумға қатысып, өз пікірін білдіріп, дауыс беруі керек. Тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде өз позициясын білдіруі қажет. Енжарлық пен «маған бәрібір» деген ұстаным - ең қауіпті дерт..

 Ал менің ұстанымым белгілі. Ол – оң өзгерістерге дауыс беру. Мен Қазақстан Республикасының азаматы, актер, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Желтоқсан ардагері, ПҚ «ЖЕЛТОҚСАН АҚИҚАТЫ» РҚБ басқармасының  мүшесі Халел Оңғарұлы Баядилов Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдаймын және  жалпыхалықтық референдумға қатысып, оң өзгерістерге дауыс беремін!», - дейді Халел БАЯДИЛОВ.