«Кез келген дау заңмен шешілуі керек»

«Кез келген дау заңмен шешілуі керек» almaty-akshamy.kz

Заңгер мен адвокат адам құқығын қорғап, азаматтарға заңды кеңес береді



Бүгінде қалада заңды қызмет көрсететін заң мамандары көп. Қоғамның сұранысы да – сол. Біз бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы заңгерлік көмек көрсетіп жүрген заңгерлердің бірі – Бағдат АМАНДОСҰЛЫМЕН сұхбаттасқан едік.



Істің шешілуіне кепілдік бар ма?


– Бағдат Амандосұлы, соңғы кездері әлеуметтік желіде «микрозайм, аресттен шығарып берем, т.б» деп өзіне жарнама жасап, құқықтық кеңес беретін әріптестеріңіздің қатары көбейіп кетті. Бірақ олардың бәріне кәсіби маман, басына іс түскендерге көмек көрсете алатын, сот пен тергеудің әділ өтуіне ықпал ететін заңгер деп сенім артуға болмас. Жалпы, қарапайым азаматтарға сауатты заңгер маманды қалай таңдауға болады?


– Ең алдымен, заңгердің осы саладағы тәжірибесіне, еңбек өтіліне мән беру керек. Егер ол әлеуметтік желілерде заң саласындағы маман ретінде қызметін ұсынатын болса, онда өзінің жетістіктерін, жұмыстарының бәрін жариялағаны дұрыс болар еді. Екіншіден, сол заңгерге немесе адвокатқа жүгінген тұлғалар өздерінің пікірін жаза кеткені жөн. Мысалы, шешімі күрделі мәселемен заңгерге көмекке жүгінген тұлға өзінің мәселесін ол заңгер жан- жақты зерттеп, бұзылған құқығын қалпына келтіруге барын салып, көздеген мақсатына жететін болса, әрине, заң көмегіне жүгінген тұлға ризашылығын білдіреді. Айтқан алғысы жазбаша немесе әлеуметтік желідегі пікір арқылы болуы мүмкін. Осыған көңіл бөлу керек. Себебі, заңгер жіберген қателікке байланысты қандай да бір мәселенің шешімі бұрыс болуы мүмкін. Ол да факт.


Тағы бір айта кететін жайт, «мен сіздің мәселеңізді, бұзылған құқығыңызды қалпына келтіруге 100 пайыз кепілдік беремін» дейтін заңгерлерден қашу керек. Неге? Себебі, біз заңгерлер немесе адвокаттар істің шешімін табарына кепілдік бере алмаймыз. Оған Әдеп кодексімен тыйым салынған. Осыны ескеру керек. Заңгердің атағына да, дәрежесіне де мән бере кеткен жөн. Ол заңгер бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің пікірін қалай жеткізеді? Ерікті түрде ме? Заңда жазылған мәтін бөлек, халыққа ол мәтінді қарапайым тілмен айтып түсіндіру бір бөлек. Осы мән-жайларға да көңіл бөлген дұрыс. Егер маман сұранысқа ие болса, онда оның белгілі бір дәрежеде жұмысының тиянақты істелгеніне көз жеткізуге болады. Сұраныс бар жерде бәсекелестік те болады.


– Бүгінде елде 6 мыңға жуық адвокат бар екен. Республикалық адвокаттар алқасының мәлімдеуінше, 150-ге жуық адвокаттық кеңсе заңгерлік көмек көрсетеді. Әділ сот үкіміне адвокаттың ықпалы қандай?


– Заңда «әділ сот үкімі» – қате тіркес. Соттың үкімі әділ емес, заңды болуы керек. Себебі, бізде әділеттілік қағидасы қолданыстағы заңдардан орнын таппаған. Тек заңдылық қағидасы бар. Қабылданған барлық соттың шешімі, үкімі, ұйғарымы мен қаулысы заңға сәйкес болуы керек. Қарапайым халық дұрыс түсінбей жатады. Шешім заңды болуға тиіс. Мысалы, жолдағы «Сергек» арқылы азаматқа айыппұл салынды делік. Жол жүру ережесін бұзған жүргізушіні анықтап, тиісті айыппұл салды. Салынған айыппұл заңды ма? Заңды. Егер ол айыппұлды төлей алмаса, айыппұлды жеке сот орындаушысы мәжбүрлі түрде өндіріп алуға жұмыстанады. Әділдік қағидасын ұстанар болсақ, ереже бұзған азамат зейнеткер болуы мүмкін ғой. АҚШ-та зейнеткерге салынған айыппұл төмендейді. Тіпті, кейбір кезде кешіріледі. Осындай механизмдер бар. Ал бізде ондай жоқ. Айыппұлды зейнеткер де, бай мен кедей де сол мөлшерде төлейді. Ал егер әділеттілік болса, басқаша болады. АҚШ-та сот зейнеткердің жағдайын сұрайды. Айыппұлды төлей ала ма, көзін жеткізуге тырысады. Сөйтіп, айыппұлды кешіреді немесе жартысын төлеттіреді. Әртүрлі жеңілдіктер береді. Құқықтық жүйе екі бөлек. АҚШ-та англо-саксондық жүйе, бізде құқықтық жүйе романо-германдық жүйе болып бөлінеді. АҚШ-та ереже бұзған азамат мүгедек болса, сот оның жағдайын ескеріп, кінәсін кешіреді. Адамгершілік арқылы шешеді. Сот шешімі тәжірибеде қалады да, заң ретінде қолданылады. Ал бізде олай емес. Айыппұл азаматтың жағдайына байланысты кешірілмейді.


Қолтаңбаның маңызы


– Еліміздің шет аймақтарында, әсіресе, ауыл аймақтағы учаскелік полицияда, тергеуде «бармақ басты, көз қысты» жағдайлар жиі болып тұрады. Тіпті, адам тағдырына байланысты да заңсыздықтар жоқ емес. Құқық қорғайтын мамандардың өзі адам құқығын бұзады. Бұған келісесіз ғой?


– Бізде қарапайым халықтың құқықтық сауаты төмен болғандықтан, «түсініктеме жазыңыз, мына құжатқа қол қойыңыз» десе, ол құжатты оқымай, қол қоя салады. Қандай құжатқа қол қойғанын да білмейді. Мысалы, банктік шарттарды ешкім оқымайды. Қай жерге қол қой дейді, сол жерге қолын қоя салады. Қолтаңбаның заң алдындағы маңызын түсінбейді. Құжат 2 тілде жазылады. Мүлдем түсініксіз болса, заңгерлерден сұраса, шарттың негізін қарапайым тілде түсіндіріп береді. Тергеу басталғанда да, адвокатқа бару керек.



Адвокатпен тергеуге қатысса, адвокат заңсыздыққа жол бермейді. Тергеуші жауап алып отырып, берген жауабын бұрмалауы мүмкін. Тергеуші қол қой деген жерге қоя салады. Ертеңгі күні қылмыстық жауапкершілік ауырлап кетуі мүмкін. Ал жауапқа келіспеген жағдайда тергеушіге келіспейтінін айту керек. Бізде көбіне азаматтар қарапайым түсініктеме жаза алмайды. Қолданыстағы заңда тергеуде кейбір тұлғалардың жағдайына қарай тегін мемлекет кепілдік берген заң көмегін ала алады. «Әрбір азаматқа өз құқығын қорғау мақсатында заңмен көрсетілген жағдайда тегін құқықтық кеңес беріледі» деп заңда жазылған. Азаматтар бұл норманы дұрыс қолданбайды. Барлығын мемлекеттік органдарға сырып қояды. Әрине, тергеуші, лауазымды тұлға өзіне жүктелген құзыретті адал атқарса, мәселе туындамайды.



– Қазір елдегі барлық саладағы басты заңсыздық – сыбайлас жемқорлық. Мемлекеттік қызметкерлердің, басқа да азаматтардың жемқорлығын антикор жиі жариялайды. Берілген жаза жауаптылықты көтермей отыр. Егер жемқор айыппұлын толық төлесе, оны бостандыққа шығару керек пе? Жемқорларға тағайындалған жазаға көңіліңіз тола ма?


– Көңілім толады. Жалпы, бұл ауыр қылмыс болып танылады. Жемқорлық қылмысы бойынша мерзімінен бұрын жазадан босатылмайды. Мысалы, сот үкім шығарып, жемқорға тиісті жазасын берді делік. Ол жазасын түзеу колониясында ¼-ін өтеді. Бірақ біздің қолданыстағы заңда жазаның ¼-ін өтесе, әрі қарай тәртіпті болса, мерзімен бұрын бостандыққа шығуға құқығы бар. Бұл норманы жемқорлық қылмыстарынан алып тастады. Екіншіден, жемқорлық қылмыстары бойынша 70 еселенген мөлшерде мемлекетке төлеу міндетті. Ол да дұрыс. Жемқорлықпен ұсталған қылмыстар бойынша қайтадан қызметке тағайындалмайды. Тағы бір айтып кететін мәселе, жемқорлықпен кінәсі дәлелденген тұлғалардың балалары құқық қорғау органдарына жұмысқа орналаса алмайды. Бұл – енгізілген өзгертулер мен толықтырулар. Жемқорлық қылмысы бойынша татуласуға болмайды.



Кейде біздің қолданыстағы кейбір заңдар адам құқығын шектейді. Мысалы, азамат қандай да бір қылмыспен істі болады. Ал оның баласы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегісі келіп, оқуға құжаттарын тапсырады. Бірақ оның әкесі сотты болғандықтан, ол оқу орнында оқи алмайды.



Моральдық тұрғыдан қарасақ, баланың не кінәсі бар? Оның білім алудағы конституциялық құқығы неге шектелуі керек? Қылмысты ол емес, әкесі жасады ғой. Ауыр, аса ауыр қылмыс болса, түсінуге болады. Өйткені, қызметте мемлекеттік құпия мәліметтермен жұмыс істейді. Жеңіл, орташа қылмыстар баланың білім алуына кедергі болмауы керек. Осыған мән берген дұрыс.


– Қазір алаяқтықтың түрі көбейіп кетті. Тіпті, әкімдіктің, антикордың, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атын жамылып алдаудың жаңа әдісін тауып жатыр. Осындай жағдайда халықтың құқықтық сауаты қаншалықты маңызды?


– Әлеуметтік желіден маған оқырмандар суретке түсіріп «осыған сенуге бола ма?» деп сұрап жатады. Телефон арқылы хабарласып: «мен осы органда қызмет етемін, сіз былай істеуіңіз керек» дегенге сенудің қажеті жоқ. Мұндай алаяқтық әрекеттер болған кезде ең әуелі аты-жөнін, қызметін, басшысы кім, қызметі қандай ол туралы барлық деректі жазып алып, мен сізге өзім хабарласам деп тұтқаны қоя салу керек. Сол мемлекеттік органға хабарласып, мән-жайын анықтауға тырысу керек. Бізде халық асығыс шешім қабылдайды.



Бірде бір оқырманым телефон соғып, құқықтық кеңес сұрады. Ол кісіге белгісіз тұлға хабарласып: «Астана қаласындағы министрлікке қарасты бір қордан арнайы сізге ақша бөлінеді. Бірақ бұл ақшаны сізге жіберу үшін сіздің банктік шотыңыз бұғатталған. Қарызыңызды төлеп, бұғат алыну керек. Сонда ғана біз ақшаны сіздің шотыңызға жібере аламыз. Мені картадан тексерсеңіз, сол министрліктен хабарласып тұрмын. Сенбесеңіз, тексеріп көріңіз» деп әбден сенімге кірген. Сөйтіп, біраз адамнан қарыз алып, банктік шотындағы бұғат алынғаннан кейін қордан түсуге тиіс қаражатты күтеді. Бірақ ешқандай ақша түспейді. Мұндай жағдайлар көбіне коллекторлардың тарапынан болуы әбден мүмкін. Сондықтан бәрін мұқият тексеріп алған жөн.



– Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі қоғамдағы көп саланы қамтиды. Осы ретте еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне қандай реформалар қажет?


– Қоғамда мына бір мәселе бар. Азамат өзінің баласына алимент төлейді. Күндердің бір күні қылмыс жасап, сотталады. Түзеу мекемесінде жұмыс істемейді. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балаларды кім асырайды? Түзеу мекемесі сотталған азаматты еңбек етуге мәжбүрлей алмайды. Осы мәселе бізде реттелмеген. Атқару жүйесіндегі реформалар осы бағытты қамту керек деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан алимент төлейтін арнайы қор ашу керек. Ол қор осындай мәселелерді шешу керек. Жазасын өтеп шыққаннан кейін ол тұлға мемлекетке өндіреді. Осындай механизмдер болу керек. Жан-жақты түрде зерттеліп, заңнан орын табу керек.



Медиацияның мәні неде?


– Қит етсе, сотқа беретіндер де аз емес. Екі тарапты татуластыратын медиация деген арнайы сала елімізде соңғы кездері дамып келеді. Шешімі жеңіл істерді сотқа жеткізбеу жағы қалай?


– Кез келген дау заңмен шешілуі керек. Дауды сотқа дейін медиациялық тәртіпте шешуге болады. Тараптар өзара бітімге келіп, татуласады. Жазбаша шарт жасау арқылы шешуге болады. Медиация тәртібімен шешілетін даулардың деңгейі өсіп келеді. Себебі, кәсіби мамандар жұмыс істейді. Мысалы, ортақ мүлікті бөлуге байланысты мәселелерді медиациялық келісім арқылы шешуге болады. Оның тағы ерекшелігі, тек қана сотқа дейінгі дауларды емес, соттағы даулардың шешіміне де ықпалын тигізеді.


– Соңғы уақытта сот жүйесіне көп сын айтылып жүр. Өзіңіз де талай куә болып жүрген шығарсыз. Конституция бойынша сот тек қана заңға бағынады. Аудандық, облыстық, жоғары сотта төраға деген бар. Бәрі бір-біріне бағынады. Жоғары сот соттардың ісімен, кадр мәселесімен айналысады. Негізі, Жоғарғы Сот тек қана сот ісімен айналысу керек қой?


– Соттарда төраға деген болмауы керек. Әр сот төрағаға бағынады. Сот ешкімге бағынбауы керек. Әкімшілік персоналдар Жоғарғы Сот тарапынан болуы керек. Соттар халықтың сайлауы арқылы тағайындалу керек деп санаймын. Әділ сот шешімі қалса, жергілікті халық сотты өзі сайлауы керек. Бұл жүйеге жету әлі ерте. Жалпы, заң қоғамдық қатынасты реттеуге бағытталған.


– Сұхбатыңызға рахмет!


Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09

16:34

16:25

16:18

16:09

16:07

15:22

14:48

14:38