Кейінгі 50 жылда табиғаттағы төтенше жағдайлардан 2 миллион адам құрбан болды

Кейінгі 50 жылда табиғаттағы төтенше жағдайлардан 2 миллион адам құрбан болды
Сурет: Kk.unansea.com

Мұндай деректі Дүниежүзілік метеорология ұйымы ұсынды.

ДМҰ мәліметі бойынша, 1970 жылдан 2021 жылға дейін шамамен 12 000 табиғат апаты болған. Ал одан 4 миллиард доллардан астам экономикалық шығын келген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жаңа зерттеудің нәтижелері кеше, 22 мамырда, Дүниежүзілік метеорология конгресінің ашылуында жарияланды. Женевада өтіп жатқан конгресс 2 маусымға дейін созылады. Оған қатысушылар 2024-2027 жылдарға арналған климаттық және гидрологиялық құбылыстар, төтенше ауа райының әлеуметтік-экономикалық салдарына мемлекеттердің тұрақтылығын дамыту бойынша жоспар құрады.

Метеорологтардың айтуынша, кейінгі жарты ғасырда бәрінен де дамушы елдер көбірек зардап шеккен – төтенше ауа райынан болған өлімнің 90 проценті мен экономикалық шығынның 60 проценті соларға тиесілі.

Кейінгі 50 жылда төтенше ауа райы мен климат құбылыстарынан болған өлімнің ең көп бөлігі Азияның еншісінде. Ол жақта миллионға жуық адам, оның жартысынан көбі Бангладеште қаза тапқан.

Табиғат апаттарынан болған кейінгі жарты ғасырдағы 733 585 өлім Африкада тіркелген. Оның 95 процентіне қуаңшылық себеп болды.

ДМҰ жетілдірілген ерте ескерту жүйелері мен құтқару операцияларын жүйелі басқару табиғат апаттарының салдарын жеңілдетуге көмектескенін айтты. 2020-2021 жылдары катаклизм салдарынан болған өлім көрсеткіші оған дейінгі онжылдықпен салыстырғанда аз.

2022 жылдың қарашасында Шарм-эль-Шейхте болған климатты өзгерту бойынша COP27 конференциясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Бәріне ерте ескерту жүйесі» бастамасын іске қосты. Оның мақсаты – 2027 жылдың соңына қарай Жер тұрғындарының бәрін осындай жүйемен қорғау.

Қазіргі уақытта жер тұрғындарының жартысы ғана ерте ескерту қызметі жұмыс істейтін аудандарда тұрады. Ал шағын аралдағы дамушы елдер мен ең нашар дамыған елдер бұрынғыдай әлсіз жағдайда тұр.