Кен орындарының қоры таусылуы мүмкін

Кен орындарының қоры таусылуы мүмкін
Сурет: Egemen.kz

Геология саласын дамыту талқыланды

Қазақстанда геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестиция өте төмен. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

«Пайдалы қазбалардың көптеген түрлерінің расталған қоры бойынша еліміз әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіреді. Бұл ретте пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-қатері –қорлардың толықтыру деңгейінің төмендігі. Өндірудің қазіргі деңгейін алсақ, тиісті толықтырусыз көптеген игерілетін кен орындарының қоры таяу болашақта таусылады. Осыған байланысты, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі. Бұл – кейіннен жер қойнауын пайдалануға беру үшін перспективалы алаңдар мен объектілерді анықтаудың негізгі әдісі», - деді Экология министрі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, 2020-2022 жылдары мемлекеттік салымдар көлемі 30 млрд теңгені құраған. Бұл ретте соңғы жылдары мемлекеттік инвестициялардың ұлғаюы байқалуда.

«Сонымен бірге Қазақстанда геологиялық барлауға 1 шаршы километрге салынатын мемлекеттік инвестициялар көрсеткіші өте төмен. Бізде ол 11 АҚШ доллары болса, Аустралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, инвесторлар өз қаражатын мемлекет есебінен болжамды ресурстары бар, перспективалы учаскелер базасы қалыптасқан жұмыстардың ерте сатыларын жүргізген немесе жүргізу үстіндегі елдерде кен орындарын барлауға салады», - деді С. Брекешев.

Осыған байланысты, Президент тапсырмаларын орындау үшін геология саласының негізгі міндеттері бар.

«Бірінші – геологиялық зерделенуді арттыру және перспективалы учаскелерді анықтау. Екінші – геология саласының инфрақұрылымы мен геология ғылымын дамыту. Үшінші - өндірістік-технологиялық процестерді цифрландыру және автоматтандыру. Төртінші – геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін заңнаманы жетілдіру. Біз геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледік, онда жоғарыда аталған мәселелердің шешімі көрініс тапты», - деді С. Брекешев.