Кен орындары қатаң тексерілуде

Кен орындары қатаң тексерілуде
Сурет: Qazaqtv.com

Жер қойнауын пайдалану құқығы беріледі.

Минералдық-шикізат базасын толықтыру, геологиялық зерделеуді арттыру, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету және жаңа өндіріс орындарын құру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жер қойнауын пайдалану құқығы беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Осы жайында Үкімет отырысында баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша, бұл мақсатта 1700-ден астам лицензия беріліп, 800-ге жуық отандық юниорлық компания құрылған. Бүгінде жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін отандық бизнес өкілдері кен орындарын барлау бойынша міндеттемелер алып отыр. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір барлық кен орындарын тексеріп жатырмыз. Бүгінде қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласында 499 келісімшарт және 1738 лицензия іске асырылуда. Жер қойнауын пайдалануға бұрын-соңды берілген қолданыстағы барлық келісімшарт пен лицензияларға талдау жасалды. Бұл 2 мыңнан астам құжат. Осылайша, 118 лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Талдау қорытындысы негізінде қолданыстағы 1620 лицензия бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», - деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Ендігі кезекте міндеттемелерді орындау көрсеткіштері 100 пайыздан төмен саналатын жер қойнауын пайдаланушылар тексерілетін болады.

Министрдің ақпаратына сәйкес, жаңа шарттар бойынша әрбір жер қойнауын пайдаланушы өңірлік әлеуметтік жобаларға қатысып, жаңа өндіріс орындарын құрады. Сонымен бірге, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртып, қосымша жұмыс орындарын ашады және отандық өндірістік кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етеді.