Кеңестік дәуірде тыйым салынған қазақ кітаптары

Тарих ғылымының қатаң ұстанатын кағидаттарының бірі – тарихи окиғалар мен құбылыстарды кезең-кезеңге бөліп, сол заманның сипатты белгілерін дөп басып көрсету. Сол сияқты тарихта терең із қалдырған айтулы оқиғалардың бірі – 1937 жылдың ызғары ескен сұрапыл зұлматтың зардабы мен салдары болып есептеледі. Сол уақыттың қаншалықты қиындыққа толы болғандығын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

Осы тарихи-танымдық мақаланы жазудағы негізгі мақсат – жас ұрпақты тарихи тұрғыдан тәрбиелеу, өткен ғасырдың 37-жылдарынан бастап саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Кеңес одағының зұлымдығына қарсылық көрсеткен беткеұстар азаматтардың еңбектерін таразылау және олардың қазақ тарихында алатын ерекше орнын жаңарту болып табылады.

Тағы бір атап өтетін жәйт, XІX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында, яғни, 1917 жылы «Алаш» партиясын кұрып, Алашорда қозғалысын басқарған қазақ зиялыларына қарсы жаппай моральдық қуғын-сүргін ұйымдастырылды. Сол уақыттарда тек Алашорда қайраткерлері ғана емес, сонымен қатар С.Сәдуақасов., С.Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С.Меңдешев, С.Қожанов сынды кеңестік билікті жақтаған партия қайраткерлері де моральдық тұрғыдан қыспаққа алынып, олардың қазақ халқын сауаттандыру мақсатындағы жазған оқулықтары мен еңбектері тәркіленіп, кітапхана сөрелерінен біржолата алынып тасталды. Дегенмен, осындай қиын-қыстау күндерді басынан өткерген қазақ зиялылары өздерінің алдына қойған мақсатынан таймай, керісінше, келешек ұрпақтың қамын ойлап, өз жандарын осы ізгі жолда пида етті.

Кеңес одағы кезінде тәркіленген кітаптардың басым көпшілігі өртеніп, ал кейбір оқулықтар халық қолында сақталып, біздің кезеңімізге дейін жетті. Қазіргі таңда ата-бабамыздан қалған құнды мұраларымыз еліміздің кітапхана сөрелерінен орын алды. Сол кітапханалардың бірі – «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы болып табылады. Мұнда 6 миллионға жуық кітап сақталуда. Бұл кітапхана қазіргі кезде түрлі кезеңге тән жазба жәдігерлеріміз бен құнды мұраларымызды халыққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. Сонымен қатар, «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы да тарихи мұраларымызды болашақ ұрпаққа жеткізуді өзінің еншісіндегі міндеттердің бірі деп есептеп, осы асыл да қасиетті жолда қызмет атқаруда. Атап айтқанда, «Кеңес одағында тыйым салынған қазақ кітаптарының» көрмесі атты экспозициялық көрме ұйымдастырылып, Алашорда қайраткерлерінен бастап, қазақтың елім деген ірі зиялыларының сол кездерде тәркіленген кітаптары көрме сөресінен орын алды. Мысалы: С.Асфендияров «Очерки истории казахов», А.Әлібаев Грамматика. Үлкендер үшін арналған, А.Әлібаев «Шахтер мен пионер», І.Жансүгіров «Жолдастар», «Колхоз тойы», Ұ. Құлымбетов «Қазақстанды аудандандыру», О.Беков «Капля крови для великого дела», А.Байтұрсынов «Қазақша әліппе», Ғ.Тоғжанов «Новая общественность», «Екі жастың әңгімесі», Т.Шонанұлы «Қазақ тілінің оқу құралы», «Жаңалық», Б. Майлин «Ел мектебі» «Сауаттандырғыш», өзге де құнды кітаптар.

Аталмыш мұражайдың құрылғанына төрт жыл болғанына қарамастан, оның қорында бес жүзден астам аса сирек қолжазбалар мен кітаптар сақтаулы және оларды зерттеу, жинақтау, түгендеу саласында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Көптеген ғылыми еңбектермен, терең ізденістер нәтижесінде Сирек кездесетін кітаптар мұражайы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті 2012 – 2014 жылдары гранттық негізде қаржыландырған ғылыми жобалар байқауында үш бірдей: «Қазақстан және Ресей кітапханалары, мұрағат және музей жинақтарындағы қазақ кітабы (XІX-XX ғ. басы): тарихи-деректанулық зерттеулер»; «Жазба деректеріндегі далалық дипломатия көріністері (XІІІ-XVІІІ ғғ.)»; «Орталық Азия ғұламаларының пәтуалары және тарихи деректік маңызы» атты ғылыми-зерттеу жобасын ұтып алып, ел тарихына қатысты терең әрі жан-жақты зерттеулер жүргізіп келе жатыр. Мұражайдың ғылым жолында қол жеткізген осындай жетістіктері ел тарихының жоғары дәрежеде дамуына өз үлесін қосатынына сенімдіміз.

А.ШАЙМАНОВ, «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайының маманы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *