Қазнетке әлі де кибершабуыл жасалып жатыр

Қазнетке әлі де кибершабуыл жасалып жатыр
Сурет: Cargotime.ru

Бұл туралы «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ хабарлады.

Бүгін Қазнетке тағы да ауқымды кибершабуылдар жасалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай Қазақстанның барлық өңіріндегі интернет байланысының жұмысына кері әсер етеді.

«Қазіргі уақытта «МТҚ» АҚ-ның техникалық мамандары қауіптерді залалсыздандыру жұмысымен айналысып жатыр», деді мекеменің баспасөз қызметі.

Қазақстанның түрлі өңірлерінде, соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бірнеше күннен бері интернетте ақаулар байқалды. Қазнетке DDoS шабуылы алғаш рет 25 қыркүйекте белгілі болды. «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ кибершабуылдар байланыс операторларының магистральдық арналарына жүктеменің артуына әкеп соқтыратынын ескертті.

Кеше де Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Өскемен, Павлодар облыстарын қоса алғанда, бірқатар қазақстандықтар интернет желісіндегі ақауларға шағымданды.