«Қазіргі заманғы көшпенді» мәртебесін қалай алуға болады?

«Қазіргі заманғы көшпенді» мәртебесін қалай алуға болады?
Сурет: Qazaqtv.com

Мұндай мәртебені Қазақстанның 17 облысы мен үш мегаполисінде орналасқан 20 үздік орынға барған саяхатшы ие бола алады.

Ең басты міндет - турист белгіленген орындарға жай барып қана қоймай, сонда орнатылған фотозонаға арнайы суретке түсіп, әлеуметтік желіге «Neonomad2022» хэштегімен суретті жүктеуі тиіс, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

Ондай фотоға түсетін алғашқы орын қазір елордадағы «Нұрлы жол» бульварында пайда болды.

«Бұл акция - алғашқы қадамдардың бірі ғана. Бірінші осындай фоторамкалар, кейін квест ойлап табу жоспарымызда бар. Мысалы, бүгін ол орнатылған 20 фотозонаның жанына фотоға түсу болуы мүмкін, ертең ұлттық парктердің барлығына бар, ал кейін тіпті ұлттық саябақтардағы қоқыс тазалау болуы мүмкін. Қазір фоторамкалар тек бірнеше қалаларда орналастырылды, бірақ жергілікті әкімдіктер, жеке серіктестеріміз бізге қолдау көрсетуде. 1 тамызға дейін барлық 20 фоторамканы орнатып үлгереміз деп уәде етілді», - деді «Kazakh Tourism» ҰК АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев.

«Неономад-2022» акциясының алғашқы қатысушыларының бірі - 72 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев болды. Елордаға жаяу жеткен қария бірден бас шаһардың көрікті орындарын аралап, естелік суретке түсті. Қазір елорданың төрінде орналасқан фотоға түсуге арналған орын күн санап жүздеген қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын оятуда.

Жобаның қорытындысы тек жыл соңына қарай белгілі болады. Дегенмен, шара жыл сайын өз жалғасын табады. Сондықтан «қазіргі заманғы көшпенді» мәртебесін болашақта кез келген саяхатшы ала алады.