Казиноқұмарлық: ауру ма әлде әдет пе?

Казиноқұмарлық: ауру ма әлде әдет пе?
team.eventyon.ru

Казиноқұмарлық «лудомания» ауруына жатады екен

Бәлкім, мына оқиға болмағанда, бұл мақаланы жазбас па едім? Өз басым өмірде құмар ойындарға әуес болмағаным үшін тағдырыма тәубе деймін. Жасыратын несі бар, жастық шақта біраз картаның соңына түскен жайымыз бар. Бірнеше күн демалмай ойнаған кезіміз де аз болған жоқ. Бір түнде дүние ақшаны ұтып, ертеңінде сол ақшаны қайта ұттырдық та. Алайда, ұтылсам, ешкімнен қарыз сұрап немесе дүние-мүлкімді кепілдікке қойып ойнап көрген емеспін. Ойнасам, қолымдағы барға қанағат қылып ойнадым. Кейіннен байқасам, бұл ойын мені бір тұңғиыққа тартып бара жатқан сияқты көрінді. Сондықтан да оның абырой әпермейтінін тез түсінген соң, дер кезінде қоя салдым. Сөйтсем, саналы түрде тоқтай білу де үлкен ерік пен жігерліліктің белгісі екен. Кейіннен өзіммен қатар карта ойнаған жігіттердің біразының өмірде жолдары болмады.
Ал казиноға өмірімде жолдас жігіттермен 3 мәрте ғана бардым. Онда да уақыт өткізу үшін. Ең соңғы барғанымда, жанымдағы жолдасым бір сағаттың ішінде он мың доллардан ұтылды. Содан кейін ызаға булыққан ол ұялы телефонымен біреулерге «ақша әкел» деп хабарласа бастады. Сол кезде қолындағы телефонын жұлып алып, казинодан зорға алып шықтым. Ол болса, мендегі телефонға жармаса берді. Ақыры қол көтеруіме тура келді. Сол күннен бастап біздің арамыз суыды. Сөйтсем, әлгі танысым казиноның құмарпазы екен.
Жақында көшеден сол жігітті кездестіріп қалдым. Базардың маңында жаяу кетіп барады екен. Үстіндегі киімі де жұпыны көрінді. Мен бірден түсіндім. Себебі, біраз бұрын жақын таныстарымнан казиноға үйі мен көлігін салып, бар жиғанынан айырылғанын және отбасымен ажырасып кеткенін естіген едім. Көптен көрмегендіктен бе, әңгімелесіп біраз тұрып қалдық. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа қарнын томпайтар» дегендей, маған еш сыр білдіргісі келмеді. Мен де қазбалап ештеңе сұрамадым. Содан кейін түс әлеті болған соң, бірге тамақтанып алуға шақырдым. Ол қуанып кетті. Стол үстінде небір әңгімелерді айтып, менің көңілімді өзіне аударғысы келді. Айтқанының жартысы өтірік екенін сезіп отырсам да, ештеңе демедім. Сөзінің астарынан ақша сұрағалы отырғанын аңғару қиын емес еді. Тіпті, әңгіме арасында: «Сені үлкен кісілермен таныстырайын. Қызметің өсуіне көмектеседі. Тек оларға бірдеңе беру керек...» деп кетіп барады жосылтып. Сол кезде:«Көңіліңе рахмет, қажет емес» дегенімде, көңілі бұзылып кетті.
Үйге келген бетте «ойынқұмарлық әдет пе әлде ауру ма?» деген ойдың жетегімен ғалматордағы материалдарды ақтардым. Сөйтсем, казиноқұмарлық «лудомания» ауруына жатады екен. Және де бұл ауруға ұшырағандардың интеллектуалдық және коммуникативтік қабілеттері өте жоғары болатын көрінеді. Олар адамдардан ақша сұраған кезде қарыз беруші адамның өзі олардың сөзіне қалай сеніп қалғанын байқамай қалады. Сондай-ақ «лудомания» дертіне шалдыққандардың араққа немесе есірткіге тәуелді адамдардан еш айырмашылығы жоқ екені ғылыми түрде дәлелденіпті. Себебі, араққа салынған алқаштар аузына арақ тисе болды, бір стақанмен тоқтай аламайтыны белгілі. Шөлмектің түбі түскенше ішеді. Нашақор да сол, бір дозамен тоқтай алмайды.
«Лудоманиямен» ауыратындар да солар сияқты. Мысалы, мың доллар ұтылса, онымен тоқтай алмайды. Қайтсе де ұтамын деген үмітпен ойынды жалғастыра бергісі келеді. Ақырында бар жиған-тергенінен айырылады. Сонымен қатар казинода сенің көлігің мен жылжымайтын мүлігіңді және басқа да материалдық дүниелеріңді лезде басқа біреудің атына аудара салатын қызмет түрі де жақсы дамыған. Ондайлар бұндай құмарпаздарды мүлт жібермейді.
Міне, «лудоманиямен» ауырған адамдар түптің түбінде бар жиған-тергенінен, бала-шағадан, ағайын-туғаннан, жора-жолдастан айырылады. Яғни, барлық сенімнен айырылған соң, қоғамда адам ретіндегі өзінің ролін де жоғалтады. Оның ақыры көбіне ұрлық жасауға, кісі өлтіруге, алаяқтыққа және суицидке әкеліп соқтырып жатады.

Сондықтан да психологтардың айтуы бойынша, қазіргі IT технологиясы дамыған заманда балалардың смартфонмен қандай ойындарды ойнап жүргенін жіті назарда ұстаған жөн. Бұл дегенің құмарпаз ойынға апаратын, яғни аталмыш дертке шалдықтыратын негізгі жол екені сөзсіз.