Қазан айының басында «Нелегал» жедел алдын алу шарасы өткізіледі

Қазан айының басында «Нелегал» жедел алдын алу шарасы өткізіледі
Сурет: Gov.kz

Шетелдіктер шекараны кесіп өткен сәттен бастап бақылауға алынады.

Қазақстанда «Учаске» жалпы профилактикалық іс-шарасы барысында шетелдіктерге бақылау жасалады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов брифингте мәлім етті.

«Шетелдіктер мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап бақылауға алынады. Толық ақпарат, төлқұжат деректері, келу мақсаты, қай жерде болу керектігі бірден біздің көші-қон полициясының ақпараттық жүйесіне түседі. Көші-қон қызметкерлері шетелдіктердің тұрғылықты жері мен жарияланған мақсатына сәйкестігін тексеру үшін бұл деректерді күн сайын учаскелік полицейге береді», - деді Аслан Аталықов.

Оның айтуынша, ішкі істер органдарынан басқа, ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара қызметі, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, денсаулық сақтау министрлігі де шетелдіктердің болуын, олардың келу мақсатына сәйкестігін бақылайды.

Келушілер Қазақстанның барлық заңын сақтауға тиіс. Шетелдiктің iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, құқықтарын қорғау және Қазақстан азаматтарының заңды мүдделерiне қайшы келетiн болса, сот шешiмi негiзiнде Қазақстан Республикасынан шығарылуы мүмкiн.

Шетелдік азаматтардың барлық санаты Қазақстанда 30 күнге дейін уақытша тіркеусіз тұра алады. Үкіметтің 2012 жылғы қаулысына сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарына мемлекеттік шекараны кесіп өткен күннен бастап 90 күнге дейін Қазақстанда болуға рұқсат етілген.

Аслан Аталықовтың айтуынша, жыл басынан бері елімізге 4 миллион 399 мың шетелдік келген. Осы уақыт ішінде 4 миллион 155 мың шетелдік кеткен.