Қазақстанның жас ұстаздарына қойылатын талаптар қандай?

Қазақстанның жас ұстаздарына қойылатын талаптар қандай?
Сурет: Mynewsdata.com

ЖОО бітірген түлектер қосымша тестілеуден өтуі тиіс.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаз мамандығын таңдаған жас түлектерге қойылған талаптар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Осыған дейін мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі жайында пост жариялағанмын. Ондағы талаптардың бірі - педагог қызметіне алғаш кіріскелі тұрған мамандарға міндетті біліктілік тестілеуден өту. Осы жазбамда сол талаптар туралы толығырақ тоқталамын», - деп жазды министр Facebook парақшасында.  

Министрдің айтуынша, 2021 жылы алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлек тестілеуден өткен.

«Тестілеу пилотты түрде өтті. Бірақ енді жаңа ережелерді қабылдағаннан кейін, биылдан бастап түлектерге мектепке жұмысқа орналасу үшін педагогикалық жоғары білімі туралы дипломының болуы жеткіліксіз. Енді қосымша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндетті. Бұл қалай жүзеге асырылады? Бәрі өте қарапайым», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің сөзіне жүгінсек, төрт жыл бойы математика мұғалімі мамандығын оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыратын болады. Тестілеу сұрақтарында математика бойынша мектеп бағдарламасы мен сол пән бойынша сабақ беру әдістемесі қамтылады. Жоғары оқу орнында шын мәнінде төрт курс оқып, қажетті білім алған студенттерге тест тапсыру қиындық тудырмайды. 

«Ал бірқатар себептермен білімі мен қабілеті балаларымызды оқытуға жеткіліксіз түлектер білім беру ұйымдарына қабылданбайды. Бізге сан емес, сапа маңызды. Тиісті деңгейде білімі жоқ түлектер балалармен жұмыс істемеуі керек», - дейді Асхат Аймағамбетов. 

Сонымен қатар министр 2021 жылғы пилоттық жобаның нәтижелері туралы жазды. 

«Болашақ педагогтерді алғаш рет тестілеу көптеген жоғары оқу орындары үшін үлкен сынақ болды. Бастапқыда белгіленген шекті деңгейді айтарлықтай төмендеткенімізге қарамастан, түлектердің 46 пайызы ғана қажетті балл жинай алғанын айта кеткен жөн. Бұл - тест тапсырған 32 мың түлектің 15 мыңы ғана. Ақпарат ретінде айта кетейін, жыл сайын білім беру ұйымдарына 12-14 мыңға жуық педагог жұмысқа орналасады. Яғни, бұл шара мұғалім тапшылығына айтарлықтай әсер етпейді. Бәрінен бұрын мұндай нәтиже жоғары оқу орындарын лицензиясынан айыру, профильдеу, білім беру бағдарламаларын жаңарту және басқа да бастамалар бойынша министрліктің қабылдап жатқан шараларының қажет әрі дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр», - деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетов бұған дейін педагогтерді еліміздің 86 жоғары оқу орны даярлағанын атты. Министрлік атқарған жұмыстың нәтижесінде 30-дан астам ЖОО-ның педагогика бойынша лицензиясы қайтарып алынған.

«Бірақ, соның өзінде әлі 50-ден астам жоғары оқу орнының лицензиясы бар, олар педагогтерді даярлауды жалғастырып жатыр. Барлық мәселе олардың кейбірінің нәтижелері оқыту сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндігінде. Осыған байланысты алдағы уақытта да елімізде кадрлар даярлау сапасын жақсарту үшін қажетті шараларды қабылдайтын боламыз, әсіресе, педагогикалық бағытта. Енді негізгі тренд анықталып, педагог мамандығы мектеп түлектері үшін қызықты бола бастаған кезде, бізге болашақ мұғалімдерді жоғары сапада даярлауды қамтамасыз ету өте маңызды», - деп жазды министр.