Қазақстанның сауда миссиясы Грузияға келді

Қазақстанның сауда миссиясы Грузияға  келді
Сурет: Wikiway.com

Экспорт көлемін ұлғайту, жаңа келісімшарттар жасау және серіктестік орнату.

Осы мақсатта Грузияның Тбилиси қаласына Қазақстанның сауда миссиясы келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Бизнес-форумға еліміздің атынан макарон, кондитерлік өнімдер, тұз және басқа да өнімдерді экспорттайтын жиырмадан астам компания қатысты. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер үшін екі мемлекеттің транзиттік мүмкіндіктері Еуропа елдерінің нарығына шығуға көпір болып тұр.

«Бізде қазақстандық серіктестермен нақты шешімге келіп, келісім-шарттар жасауға мүмкіндік бар. Әзірге нақты қандай сомаға келісімшарт жасасқанымызды айта алмаймын. Дегенмен, кейбір ірі компаниялармен келісімдер жасалды. Болашақта компаниялар үшін де, біздің елдер үшін де бәрі жақсы болады деп сенеміз», - дейді «Ори Набиджи» компаниясының импорт бойынша менеджері Эрекле Канделаки.

«Бүгін жалпы құны 11,2 миллион доллар болатын бес келісімшартқа қол қойылды. Өткен жылы экспорттың жалпы көлемі 25 миллион долларды құрағанын ескерсек, бүгінгі шара экспорттық келісімшарттарымыздың тең жартысын жапты. Биыл Грузиямен тауар айналымын екі есеге ұлғайтатынымызға сенімдімін»,-  дейді QazTrade бас директоры Азамат Асқарұлы.