Қазақстанның Ресеймен тауар айналымы 5%-ға артты

Қазақстанның Ресеймен тауар айналымы 5%-ға артты
Сурет: Akm.ru

Тауар айналымының басым бөлігін импорт құраған.

Осы жылдың тоғыз айларында Қазақстанның Ресеймен тауар айналымы 18,4 млрд долларды құрады. Бұл былтырғыға қарағанда 5%-ға көп, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz  сайтына сілтеме жасап. 

Тауар айналымының басым бөлігін импорт құрады (67,8%). Жыл басынан бері Қазақстан Ресей Федерациясынан 12,4 млрд долларға тауар әкелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,8%-ға артық.

Елімізден Ресейге экспорт көлемі тауар айналымының 32,2%-ын құрады. Бұл 5,9 млрд доллар, жылдық өсім - 15,1%.

ҚР жиынтық тауар айналымы құрылымындағы Ресейдің үлесі - 18,7%, импорт құрылымында - 36%, экспорт - 9,3%.

Елімізден Ресейге жіберілетін танымал экспорт тауарлары - металдар мен олардан жасалған бұйымдар (1,5 млрд доллар), минералды өнімдер (1,4 млрд доллар), химия өнеркәсібінің өнімдері (1,3 млрд доллар), машиналар, аппараттар мен жабдықтар (1,2 млрд доллар), АӨК өнімдері мен азық-түлік тауарлары (349,5 млн доллар).

Ресей Федерациясынан елімізге машиналар мен жабдықтар (2,5 млрд доллар), металдар және олардан жасалған бұйымдар (2,3 млрд доллар), АӨК өнімдері және азық-түлік тауарлары (2,2 млрд доллар), химия өнеркәсібінің өнімдері (2,1 млрд доллар) және минералды өнімдер (1,5 млрд доллар) жеткізілді.

Осы жылдың 1 шілдесіне қарай Қазақстан резиденттерінің Ресейден келген инвесторлар алдындағы міндеттемелерінің көлемі бір жылда 70,5%-ға, 22,4 млрд долларға дейін ұлғайды.

Инвестицияның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі (6,9 млрд доллар).

Бестік қатарында қаржы және сақтандыру қызметі салалары, сауда және автожөндеу, тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет кірді.

Бірінші жартыжылдықта Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 938 млн долларды құрады. Бұл былтырғыға қарағанда 30%-ға көп.