Қазақстанның Өзбекстанда сотталған азаматтары елге қайтарылады

Қазақстанның Өзбекстанда сотталған азаматтары елге қайтарылады
Сурет: Тengrinews.kz

Өзбекстанда сотталған Қазақстанның 20 азаматы бар.

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңы қабылданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бұл шарт еліміздің Конституциясында бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Елімізден тыс аумақта жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік берілген. Екі елдің арасындағы шарт аталған нормаларды іске асыруға бағытталған. Осы мәндегі норма Өзбекстан Конституциясында да бар. Бұл келісім екі елдің бір-біріне деген сенімінің белгісі. Аталған құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөз жүргізілді. Шартқа қол қоймас бұрын екі ел арасындағы миграциялық процесс және қылмыстық ахуал зерделенді», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.

Осы орайда ол бұл шарттың әлеуметтік маңызы бар екенін айтты.

«Отбасы мүшелерімен, жақындарымен кездесіп тұрса, сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзету мақсаты тек қана оны жазалау емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау. Шарт ережесіне тоқталсақ, сотталған адамды беру үшін, ең алдымен, оның келісімі қажет. Ол жазасын өз елінде өтейтіні туралы өтініш беруі тиіс. Қазір бізде сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы өтініш білдіріп отыр. Яғни осы мәселе бойынша сотталғандар арасында арнайы сауалнама жүргізгенбіз», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Сонымен қатар ол Өзбекстанда сотталған Қазақстанның 20 азаматы бар екенін айтты.

«21 мемлекетпен осындай шартты бекіттік. Құжат бюджеттен қосымша қаражат талап етпейді. Оны жүзеге асыру экономикалық, әлеуметтік және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды», - деді Ә.Шындалиев.