Қазақстанның он екі өңірінде «стелс-омикрон» анықталды

Қазақстанның он екі өңірінде «стелс-омикрон» анықталды
Сурет: Gazeta.ru

Министрлік коронавирус штамы айналымына мониторингті жалғастырып жатыр.

Қазақстанның 12 өңірінде «стелс-омикрон» штамы анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, биыл сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингі нәтижесі бойынша коронавирустың әртүрлі штамдары анықталды. Барлық өңірде BA.1 «омикрон» штамы – 98,6%, оның ішінде 12 өңірде BA.2 «стелс-омикрон» – 36,7%, B.1.617-Delta – 1,4% анықталды.

«ПТР скринингі нәтижелерін растау үшін толық геномды секвенирлеу жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша BA.2 «стелс-омикрон» штамының 93,8%-і (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары), BA.1 «омикрон» штамының 6,2%-і (Атырау, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары) айналымы анықталды», - делінген хабарламада.

Министрлік эппидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан, коронавирусқа қарсы вакцинациядан, ревакцинациядан өтуге кеңес береді.

Айта кетері, қазіргі таңда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның 3 түрі бар (Pfizer, Синофарм және QazVac). Соның ішінде екеуін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.