Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамы кіші командирлермен толықты

Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамы кіші командирлермен толықты
Сурет: Gov.kz

Жауынгерлік жолын жаңадан бастаған кіші командирлердің көңіл-күйлері жақсы.

Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдеріне Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің түлектері қызмет өткеру үшін келуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жоғары білімді, әскери істің теориясы мен практикасын жетік меңгерген кәсіпқой сержанттар жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеудің қыр-сырын меңгеруге кірісіп кетті. Олар күн тәртібіне сәйкес, өз бөлімшелерінің қасында болып, саптық даярлықпен айналысады», - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бағыныстыларды қаруды меңгеру дағдыларына үйретеді. Жауынгерлік атыстарды орындайды және марш жасайды. Басты мақсат бойларындағы командирге тән қасиеттерді көрсету, бағыныстылар арасында беделді болу және жеке құрамның қажеттіліктерін түсіну білу.

«Он бірінші сыныпты бітіргеннен кейін әскери жетекшінің ұсынысымен Әскери колледжге оқуға түстім. Енді, міне, Қонаев гарнизонындағы десанттық-шабуылдау құрамасына қызметімді өткеруге келіп отырмын. Мұнда бізді өте жылы қарсы алды, тұрмыстық мәселелерді тез арада шешуге көмектесті», – дейді бөлімше командирі гвардия кіші сержанты Альберт Горр.

Жас сержанттарды әскери қызмет жағдайларына тез арада бейімдеу, лауазымда қалыптасуы мақсатында алдағы уақытта оларға оқу-әдістемелік жиындар өткізілетін болады. Сабақ барысында кіші командирлер әскери бөлімдегі қызметті ұйымдастырудың негізгі принциптерімен егжей-тегжейлі танысады.

Жауынгерлік жолын жаңадан бастаған кіші командирлердің көңіл-күйлері жақсы. Олар Әскери колледжде тәртіпке, шыдамдылыққа үйренгенін, оқытушылар мен командирлерінен қажетті білім алғанын атап өтті.

Бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі кәсіби сержанттарды даярлаудың негізгі орталығы болып табылады. Колледж түлектері Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдардың қатарында табысты қызмет етуде.