Ауыл тұрғындарының ауруы қандай?

Ауыл тұрғындарының ауруы қандай?
Сурет: Time.kz

Қазақстанның бас дәрігері ауыл тұрғындарында жиі кездесетін ауруларды атады

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау көрсеткіштері туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам тұрады, бұл ел халқының 41%-ын құрайды. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым медициналық көмек көрсетеді. Жалпы медициналық-демографиялық жағдай елімізде тұрақты. Ресми статистика бойынша, халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім соңғы 9 айда 28,5%-ға төмендеді», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, ауыл халқының денсаулығын талдау олардың бірінші (42,7%) тыныс алу ағзаларының ауруларынан зардап шегетінін көрсетеді, екінші орында ас қорыту, үшінші орында – несеп-жыныс жүйесі аурулары орын алған.

«Шалғай ауыл тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайтадан іске қосылды», - деді Ажар Ғиният.

Сонымен бірге, медициналық авиацияны ауыл тұрғындарын тасымалдайтын және шұғыл көмек көрсететін 33 әуе кемесі жүргізеді. Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді және 2 млн шақыртуға қызмет көрсетілген.