Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізу бағыттары қаралып жатыр

Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізу бағыттары қаралып жатыр
Сурет: Fabricators.ru

«Дружба» мұнай құбыры қарастырылуда.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізу үшін қандай бағыттар қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

21 желтоқсанда ҚазМұнайГаз 2023 жылдың қаңтарында Германияға мұнай жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатқаны жарияланған еді.

«Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізу үшін Атырау-Самара бағыты және одан әрі «Дружба» мұнай құбыры қарастырылуда. Нақты көлемдері әлі анықталған жоқ және ол қазақстандық жүк жөнелтушілер үшін мұнай жеткізудің қолданыстағы бағыттарымен салыстырғанда осы бағыттың тиімділігіне байланысты болады», - деп жауап берді ұлттық компания агенттік сауалына.

Компанияның хабарлауынша, "Транснефть" жүйесімен мұнайды экспортқа тасымалдау қазақстандық тараптың өтінімімен жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ресей тарапы Германия бағытында «Дружба» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнай жеткізуге келісу мәселесін пысықтап жатыр. Тиісті өтінімді қазақстандық тарап жіберген.

2021 жылы Атырау-Самара арқылы 12,2 млн тонна мұнай, оның ішінде 1 млн тонна Павлодар мұнай-химия зауытының өнімі Тұймазы-Омбы-Новосібір-2 мұнай құбыры арқылы тасымалданған.

Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша тасымалдау көлемі 10,4 млн тоннаға дейін төмендейді деп күтілуде, бірақ бұрынғы тасымалдау көлемі Павлодардағы зауытта 1 млн тоннаға дейін сақталады.