Қазақстанға 2021 жылы ең көп инвестиция салған мемлекеттер тізімі жарияланды

Қазақстанға 2021 жылы ең көп инвестиция салған мемлекеттер тізімі  жарияланды
phonoteka.org

Қазақстанға 2021 жылы жалпы салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 23,6 АҚШ млрд долларын құрап, 2020 жылғы көрсеткіштен 6,4 АҚШ млрд доллар артық көрсеткішке жетті. Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдердің алғашқы үштігінде Нидерланд, АҚШ пен Швейцария тұр, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Іnbusiness.kz сілтеме жасап.

Қазақстанның мұнай саласына инвестиция салатын Нидерланд 2020 жылы 5,1 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция салса, былтыр бұл көрсеткіш 6,9 млрд АҚШ долларына өскен. Осылайша, Нидерланд Қазақстанға инвестиция салу жағынан бірнеше жылдан бері көш бастап келеді.

Бұл тізімде екінші орында АҚШ тұр. Бұл мемлекет Қазақстанға салынған инвестиция көлемін 22 пайызға арттырып, 2,8 млрд АҚШ долларына жеткізген.

Үшінші орындағы Швейцария да тікелей инвестицияны 0,9 млрд АҚШ долларына арттырды. Ал төртінші орындағы Ресей 0,8 млрд АҚШ долларына көбейтті. Алғашқы бестікті түйіндейтін Қытай 2021 жылы тікелей инвестицияны "пандемиялы" 2020 жылға қарағанда шамамен екі есе арттырып, 1,8 млрд долларға жеткізген.

Бұдан кейінгі орындарда тұрған Бельгия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия елдері де тікелей инвестицияны көбейткені байқалады.

2020 жылы тізімде тоғызыншы тұрған Оңтүстік Корея былтыр тікелей инвестиция көлемін 805,5 млн долларға жеткізіп, сегізінші орынға көтерілген. Ал Франция инвестиция көлемін азайтқан.