Қазақстандықтарға қолдау көрсеткен психолог мамандар марапатталды

Қазақстандықтарға қолдау көрсеткен психолог мамандар марапатталды
Сурет: Рsylogia.ru

1414 қауырт желісінде тәулік бойы 38 кәсіби психолог жұмыс істеді.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Лима Диас төтенше жағдай кезінде 1414 қауырт желісі арқылы қазақстандықтарға қолдау көрсеткен психолог мамандарға алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске салайық, қаңтар айының басында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, 1414 бірыңғай колл-орталығы базасында жеке телефон желісін құрған болатын.

Мұнда еліміздің көмекке мұқтаж тұрғындарына кәсіби психологиялық көмек көрсетілді. Қауырт желі нөміріне хабарласқан барлық қазақстандықтармен тәулік бойы 38 кәсіби психолог жұмыс істеді.

«Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндерде біздің қызметкерлер әлеуметтік желілер арқылы қауырт желінің жұмысына кәсіби психологтарды тарту қажеттігін хабарлап, мамандарға іздеу салған болатын. Біздің өтінішімізді жерге тастамай, азаматтарға көмек көрсетуге ниет білдіргендер аз болған жоқ. Волонтер ретінде жұмыс істеуге дайындығын көрсеткен барлық психологтарға біз көмекке жүгінген тұрғындарға қолдау көрсеткені үшін өз алғысымызды айтамыз», - деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Лима Диас.

Психологиялық қолдау бағытындағы жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы басқарма төрайымының айтуынша, енді жаппай тәртіпсіздіктердің куәсі болған және психологтардың кәсіби көмегіне мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетілмек.