Қазақстандықтарға 34,6 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді

Қазақстандықтарға 34,6 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленді
Сурет: Nur.kz

Мұндай көмекті 600 мыңнан астам қазақстандық алған.

Қазақстан Үкіметі жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде мемлекет азаматтарына 34,6 млрд теңгеден астам қаражат төлеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Мамандардың айтуынша, 2022 жылғы қаңтар айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 27,2 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 7,4 млрд теңге бағытталды.

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 523 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 170,4 мың адамды құрайды. 

«Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады», - делінген Еңбекмині баспасөз қызметінің хабарламасында. 

2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 52 018 теңгені, асыраушыдан айырылу жағдайында 43 528 теңгені құрады.