Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы Президенттің жұмысына оң баға берді

Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы Президенттің жұмысына оң баға берді
Сурет: Basetop.ru

Әлеуметтік зерттеу 15-24 наурызы аралығында жүргізілген.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі наурыз айында қазақстандықтардың қоғамдық көңіл-күйін талдау мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сауалнама нәтижесі бойынша сұралғандардың 70 пайыздан астамы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне оң қарайтынын айтқан. Бұл ретте респонденттердің 67,4 пайызының Тоқаевқа қарым-қатынасы соңғы сайланғаннан кейін жақсарған.

Респонденттердің көпшілігінің (42,1%) пікірінше, Президент, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударуы керек, бұл елдегі соңғы қаңтар оқиғаларына байланысты болуы мүмкін. 

Бұл ретте отандастарымыздың 41,4%-ын жалақы, зейнетақы және жәрдемақы деңгейін көтеру мәселесі толғандырады. 

Респонденттердің 35,3% азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолдап отыр. 

Сұралғандардың 35,5 пайызын халықаралық байланыстарды нығайту алаңдатады. 

Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бір бөлігі (26,3%) Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске көбірек көңіл бөлгенін қалайды.

Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы (56,7%) Президент қызметінің негізінде қауіпсіздік, әлеуметтік әділеттілік (35,9%), тұрақты экономикалық даму, әрбір отбасының амандығы, қоғамдағы достық пен келісім (26-28%) мәселелері болуы тиіс деп есептейді.

Респонденттердің көпшілігі (71,3%) оптимистік көңіл-күйде және алдағы екі жылда өзгерістер болатынына сеніммен қарайды.

Бұл ретте респонденттердің жартысынан көбі (51%) Қазақстандағы өмірді жақсартуға деген үмітін тікелей Президентпен байланыстырады. Сауалнамаға қатысқандардың 20,5%-ы Үкіметке, ал 15%-ы жергілікті атқарушы органдарға үміт артады. Парламентке (Сенат, Мәжіліс) деген сенімі – 14,1%.

Ең маңызды құндылықты таңдағанда респонденттердің көпшілігі бірінші орынға қауіпсіздікті қойды (60,2%). Сауалнамаға қатысушылардың 34,3%-ы үшін ең маңызды құндылық - тәуелсіздік.

Әлеуметтік зерттеу 15-24 наурызы аралығында жүргізілді. Қатысқан 1863 респондент - 18-50 жас аралығындағы ҚР тұрғындары, интернет пайдаланушылары.

Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және еліміздің 14 облысында жүргізілді.