Қазақстандықтарды Украинадан эвакуациялау шаралары аяқталды

Қазақстандықтарды Украинадан эвакуациялау шаралары аяқталды
Сурет: Hype.tech

Украинадан шыға алмаған азаматтардың өтініштері жеке тәртіпте қаралады.

Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі қазіргі кезде репатриация ұшақтарымен азаматтарды эвакуациялау аяқталғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Құрметті Қазақстан Республикасының Украинадағы азаматтары, Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі 2022 жылғы 28 наурыздағы жағдай бойынша Катовице қаласынан (Польша) жеті эвакуациялық рейс орындалғанын хабарлайды. Украинадан 900 Қазақстан азаматы эвакуацияланып, олардың 743-і Қазақстанға оралды. Қазіргі кезде азаматтарды репатриация ұшақтарымен эвакуациялау аяқталды. Жабық елді мекендерде қалып қойған және көрсетілген рейстермен Украинадан шыға алмаған азаматтардың өтініштері жеке тәртіпте қаралады», - делінген Елшілік хабарламасында.

Еске сала кетсек, 28 наурызда Катовице қаласынан бортында Қазақстан азаматтары бар жетінші репатриациялық рейс ұшты. Сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыдан Польшаның Катовице қаласына Украина азаматтары үшін гуманитарлық көмектің кезекті партиясы салынған арнайы рейс ұйымдастырды.