Қазақстандықтарды Украинадан алып келу Президенттің жеке бақылауында

Қазақстандықтарды Украинадан алып келу Президенттің жеке бақылауында
Сурет: Inbusiness.kz

Бүгін Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев азаматтарымызды елге жеткізу үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді.

Ақорда баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, азаматтарымызды Украинадан алып келуге қатысты мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялауға қатысты жағдайды жіті қадағалап отыр. Бүгін Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтарымызды елге жеткізу үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді. Жалпы, Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігінің, елшіліктер қызметкерлерінің және Қазақстанның Украина мен Польшадағы құрметті консулдарының түрлі қиындықтарға қарамай, атқарып жатқан жұмыстарын оң бағалайды. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі Катовице (Польша) – Атырау – Алматы бағыты бойынша репатриациялық рейстерді ұйымдастыру мәселесін пысықтады. Қазақстан азаматтарын елге жеткізетін бірінші рейс бүгінге жоспарланған», - деп хабарлады Берік Уәли дүйсенбіде.