Қазақстандықтардың Түркия халқына жинаған ақша көлемі 3,6 млн доллардан асты

Қазақстандықтардың Түркия халқына жинаған ақша көлемі 3,6 млн доллардан асты
Сурет: Ашық дереккөз

Үкімет Түркияға қосымша 55 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберетін болды

Қазақстандықтар Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz түрік елінің Қазақстандағы Елшілігіне сілтеме жасап.

«Жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналған көмек шотына бүгін Қазақстанда жиналған 216 мың АҚШ доллары AFAD-тың (Түркияның төтенше жағдайлар басқармасы – ред.) ресми шотына аударылды. Осылайша, қайырымдылықтың жалпы көлемі 3 млн 616 мың АҚШ долларын құрады», - делінген Түркия Елшілігінің мәліметінде.

Бұған дейін Елшілік: «Қазақ бауырларымыз қайырымдылық ретінде берген 84 ұлттық қазақ үйі жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде апат орнына жеткізілді», - деп жазған еді. 

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлінген еді. 15 ақпан күні белгілі болғандай, Үкімет аталған елге қосымша 55 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберетін болды.

Бүгінге дейін қазақстандық құтқарушылар үйінділер астынан 7 адамды құтқарып, 88 адамның мәйітін алып шықты.

Соңғы мәліметке сәйкес, 6 ақпан күні болған зілзаладан көз жұмғандар саны 35 мыңнан асты.