Қазақстандықтар наурызда 8 мыңнан аса алтын құйма сатып алған

Қазақстандықтар наурызда 8 мыңнан аса алтын құйма сатып алған
Сурет: Aikyn.kz

Халық арасында алтынға инвестиция құю қызығушылығы артқан

2022 жылғы наурызда екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 167,2 келі 8 269 алтын құймасын сатты. Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап. 

Ұлттық банктің хабарлауынша, сатылымның ұлғаюына алтынға инвестиция құюға қызығушылығы артқан халықтың сұранысы ықпал етіп отыр. Себебі қаржы нарығындағы белгісіздік пен валюта бағамы құбылмалы болып тұрған шақта көпшілік бұған жинақтарының сақталуын қамтамасыз етудің баламалы құралы ретінде қарайды.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан еді. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3 тоннаға жуық 87 531 алтын құйма сатылды.   

«Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 27%, яғни, 23 390 дана. Одан кейін 20 грамдық  құйма сұранысқа ие, 18 178 дана (21%), 100 грамдық құймадан 18 034 дана (20%), 5 грамдық құймадан 16 834 дана (19%), 50 грамдық құймадан 11 095 дана (13%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады», - делінген хабарламада.

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 303,3 келі 12 367 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 14%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

«Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қораппен шығарылады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғаныш қорабы, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан алтын құйманы ұқыппен сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз», - делінген хабарламада.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.