Қазақстандықтар маска тағу режиміне қайта оралуы мүмкін

Қазақстандықтар маска тағу режиміне қайта оралуы мүмкін
Сурет: Almaty-akshamy

Коронавирус қайта күшейді.

Вице-премьер Ералы Тоғжановтың ведомствоаралық комиссияда барлық маңызды мәселе қаралатынын жеткізді. Атап айтқанда, вакциналау шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды Almaty-akhamy.kz.

«Әзірге ең маңызды мәселе вакциналау болып отыр, айтарлықтай күрделі жағдай жоқ. Дегенмен, науқастар саны көбейсе, маска тағу режиміне қайта оралуымыз мүмкін. Қазір тәулігіне 100 адамға дейін науқастар саны артып келеді, сондықтан мәселе жоқ емес, бар. Карантин талаптарын күшейту мәселесін ведомствоаралық комиссияның отырысында көтереміз», – деп жауап берді Ералы Тоғжанов Мәжіліс кулуарында тілшілерге берген жауабында.

Осы орайда вице-премьер коронавирусты жұқтыру көрсеткішінің екі қалада өсіп жатқанын еске салды. Ол – Алматы мен Нұр-Сұлтан.

«Осы екі қалаға шетел азаматтары да, өз адамдарымыз көп келеді. Әуе байлынысы да көп», - деп атап көрсетті Ералы Тоғжанов.

Айта кетері, денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа шалдығу көрсеткішінің өскенін хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, осы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда аурушаңдық 3,6 есеге - 127-ден 457 жағдайға дейін артқан. Соның басым бөлігі Алматы және Нұр-Сұлтанда тіркелген. Екі қалада барлығы 391 науқас (85%) анықталды.