Қазақстандық заңгер Сүлейманов ресейлік тележурналист Кеосаянды сотқа берді

Қазақстандық заңгер Сүлейманов ресейлік тележурналист Кеосаянды сотқа берді
Сурет: Kaztag.kz

Заңгер Алмалы аудандық сотына шағым түсірді.

Заңгер Жангелді Сүлейманов қазақ халқына дөрекі түрде ашық қоқан-лоққы көрсеткен ресейлік журналист Тигран Кеосаянды сотқа берді. Бұл туралы ол  Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

Заңгердің сөзінше, Кеосаян айтқан сөздері үшін заң алдында жауап беруі керек, ал қазақтар үнсіз қалмауы керек.

«Кеосаян бүкіл халқымыздың намысына тиді, ол сөзсіз. Бұл істегі ұстанымы үшін Сыртқы істер министрлігіне рахмет. Бірақ қазақтар да жауап беруі керек. Заңға сәйкес, жауап беруші шетелдік азамат болса да, мұндай істер бойынша Қазақстан сотына арыздануға болады.Кеше мен Алматы қаласы, Алмалы аудандық сотына осындай шағым түсірдім. Соттан сұрайтыным тек бір нәрсе. Кеосаян айтқан сөзін теріске шығарып, ютуб арнасына жаңа видео жарияласын. Одан басқа ештеңе қажет емес», – деп жазды заңгер.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде ресейлік журналист Кеосаянның елімізде Жеңіс күніне орай әскери парадтың болмауына байланысты пікір айтқан видеосы тарады. Видеода журналист дөрекі түрде қазақтарға Украинадағы шиеленіске байланысты біржақты шешімге келу керек екендігін айтып, қаңтар оқиғасы кезіндегі ресейліктердің көмегі туралы да еске алды.