Қазақстандық теннисші Александр Бублик Олимпиада чемпионын ұтты

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Олимпиада чемпионын ұтты
Сурет: Olympic.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты.

Жүлде қоры 8,5 АҚШ долларынан асатын жарыстың 31-ракеткасы болып тіркелген Александр Бублик доданы екінші айналымнан бастап, кезінде рейтингте көш бастаған «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте, екі дүркін Олимпиада чемпионы, ұлыбританиялық Энди Марреймен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап. 

Биыл Александр Бублик Роттердамда Энди Маррейден жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші қазіргі кезде рейтингте 88-орында тұрған атақты қарсыласын 7:6 (11:9), 6:3 есебімен ұтты. Александр матч барысында 11 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Энди Маррей 4 эйспен шектелді.

Бублик үшінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, болгариялық Григор Димитров немесе рейтингте 78-сатыдағы аустралиялық Джордан Томпсонның біреуімен таласады.