Қазақстандық спортшылар Азия чемпионатында 47 медаль жеңіп алды

Қазақстандық спортшылар Азия чемпионатында 47 медаль жеңіп алды
Сурет: Olympic.kz

Жеке рейтингте ұлдар бірінші орынды, қыздар сегізінші орынды иеленді.

Қазақстан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында 47 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Olympic.kz сілтеме жасап.

Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Ташкентте 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионаты аяқталды.

«Жарысқа Қазақстан құрамасынан 22 спортшы – 13 бозбала мен 9 қыз қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша, спортшыларымыз 47 медаль жеңіп алды, оның ішінде 10 алтын, 23 күміс және 14 қола бар», - делінген хабарламада.

17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы медальдық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орын алды. Жеке рейтингте ұлдар бірінші орынды, қыздар сегізінші орынды иеленді.

Жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы жалпы категорияда Қазақстан құрамасы Азия құрлығында он бірінші орынға табан тіреді.