Қазақстандық оқушылар физика пәнінен халықаралық олимпиададан жүлделі оралды

Қазақстандық оқушылар физика пәнінен халықаралық олимпиададан жүлделі оралды
Сурет: Elorda.info

Қазақстандық оқушылар физикадан халықаралық олимпиадада 1 алтын мен 4 күміс медаль жеңіп алды.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап.

«Ұлттық құрамамыздың қоржыны тағы да медальдармен толықты. Оқушыларымыз керемет нәтиже көрсетіп, физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) 1 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. Жарыс Цюрих қаласында (Швейцария) 10-15 шілде аралығында өтті. Еліміздің намысын 5 оқушы қорғады. Олар 75 елден келген 368 жасөспіріммен сынға түсті. Балаларымыз өткен жылы 5 күміске ие болған еді. Осылайша биыл оқушыларымыз былтырғы көрсеткішті жақсарта алды. Ұлттық құрама қоржынына алтын медальді Даниил Шатохин, күміс медальді Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов және Ризабек Алпамыс әкелді», - делінген министрдің жазбасында.

Аймағамбетов оқушыларды үлкен жетістіктерімен құттықтады.

«Осындай беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары ақшалай сыйақы алып, ұлттық жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай-ақ грантқа түсе алатынын еске сала кетейін. Сонымен қатар жүлдегерлердің педагог-тәлімгерлері де төлем алады», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.