Қазақстандық оқушы әлемнің 34 университетінен шақырту алды

Қазақстандық оқушы әлемнің 34 университетінен шақырту алды
Сурет: Qazaqtv.com

Қазақстандық 11-сынып оқушысы әлемнің 34 университетінен шақырту алды.

Олардың қатарында Америка, Ұлыбритания, Канада мен Испания, Аустралия еліндегі жетекші жоғары оқу орындары бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

Бірі тегін білім алуына жағдай жасаса, енді бірі түрлі жеңілдіктер ұсыныпты. Мирас Сейілханның болашақ мамандығы қаржы және экономика саласымен байланысты. Мақсатына жету үшін дарынды оқушы 7-сыныптан бастап өзін жан-жақты дамытуға көңіл бөліпті. Халықаралық сынақтарға арнайы дайындалған. «Әр қадамымды бақылап отырған мұғалімдерім, мектепті бітіріп кеткен ағалар көмек берді», – дейді білімдар жас.

"Ең бастысы, ол «Тайм менеджмент». Яғни алдын-ала дайындалу. Сонымен қатар алдын ала қай жерде оқығың келетінін шешу. Сонымен қатар жақсы ортаның табылуы. Осы лицей қабырғасында өте үлкен жетістікке жеткен ағаларымыз бар. Әлемдік деңгейдегі университеттерде білім алатын. Солардың да қызықты оқиғалары маған мотивация берді", - дейді оқушы Мирас Сейілхан. 

Мирас Сейілхан, сондай-ақ түрлі әлеуметтік жобаларға бастамашы болып, волонтерлік клуб құрды. Алғырлығының арқасында өзі оқитын мектептің Президенті атанды. Оқуын тәмамдаған соң елге оралып, алған білімін елді көркейтуге жұмсағысы келеді. Дарынды оқушының ендігі арманы – Қазақстанды жаңа деңгейге көтеру.