Қазақстандық музыканттар Испанияда өткен конкурста жеңіске жетті

Қазақстандық музыканттар Испанияда өткен конкурста жеңіске жетті

Байқауға жүзден аса музыкант қатысты.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ағашты-үрмелі аспаптар квинтеті Испанияда өткен «Open Spain» («Ашық Испания») халықаралық байқауынан бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Turkystan.kz сілтеме жасап. 

Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен байқауға әлемнің 30-ға жуық елінен жүзден аса музыкант қатысты. Жылда дәстүрлі түрде өткізіліп, әлемнің түкпір түкпірінен келген таланттардың басын қосатын «Open Spain» – аспаптық  орындаушылардың ашық халықаралық байқауы.

Аталмыш байқауға Испанияның Fiestalonia Milenio фестиваль комитеті, Сант Рома шіркеуі, Жирона консерваториясы, Ллорет де Мар қаласының мэриясы, бас кеңсесі Лондонда орналасқан Fiestalonia International дарынды орындаушылардың продюсерлік орталығы қолдау көрсетеді.

Айта кету керек, ағашты-үрмелі аспаптар квинтеті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық конкурстардың лауреаты, В.А. Моцарт атындағы Еуропалық музыка академиясының түлегі, кларнетші – Жанат  Ермановтың басшылығымен 1997 жылы құрылды.