Қазақстандық ғалымдар тазы тұқымының гендік қорын зерттеуге кірісті

Қазақстандық ғалымдар тазы тұқымының гендік қорын зерттеуге кірісті
Сурет: Zh-shugylasy.kz

Зерттеу жұмыстары тиімді болуы үшін ғалымдар кем дегенде 300 иттің генетикалық материалын жинауы тиіс.

Әзірге жұмыс жартылай ғана орындалды. Ең алдымен, ғалымдар осы ит популяциясының өміршеңдігін бағалап, инбридинг коэффициентін есептеуі тиіс. Яғни, тазылардың генетикалық тазалығын анықтау керек.

Екі жылдан бері мамандар ел аймақтарын аралап, жануардың ДНҚ-сын жинау жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл халықаралық кинология қауымдастығына тазыларды бөлек тұқым ретінде тануға мүмкіндік береді. Қазір олар Шығыс тазыларына жатады.

"Зерттеуге қатысқан әр итке генетикалық төлқұжат – сертификат беріледі. Бұл құжат нені білдіреді? Кез келген тіршілік иесінің ДНҚ-сында ақуызы кодталмайтын учаскелері болады, оны тандемді қайталау деп атайды. Ол бірегей болады және тұқым қуалайды. Сондықтан біз иттердің бір-бірімен қаншалықты байланысы барын оңай анықтай аламыз", - дейді ҚР БҒМ ҒК генетика және физиология институтының ғылыми қызметкері Кира Беспалова.

Осы ретте тағы бір мәселе туындайды. Қазақстанда тазының нақты саны туралы әлі күнге дейін ресми дерек жоқ. Иттерді тіркеу ерікті деңгейде жүргізіледі. Көбінесе бұл тұқымды қала сыртында жеке үйлерде тұратын адамдар өсіреді.

"Көптеген азаматтар қазір мен ресми тіркеуге тұрсам, кейін менен ақша алады деп ойлайды. Қазақстан бойынша жүргізетін есебіміз нақты емес. Бейресми. Қазір, мысалы, шамамен 3000 ит тіркеуде бар. Бірақ, негізі иттер көбіне жоғалып, қашып кетіп, не көлік астына түсіп қалып жатады", - дейді «Қансонар» Республикалық қоғамдық бірлестіктер қауымдастығының бас кинологы Инна Назаренко.

Сондай-ақ, ғалымдар қазақы тазыны Шығыс тазылары тобындағы өзге иттермен салыстыру жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, қазір ирандық әріптестермен олардың салюкилерінің ДНҚ-сын алу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Жоба 2023 жылға дейін жоспарланған және нәтижесі жемісті боларына сенім мол. Себебі қазақ тазысы тұқымы туралы көпшілікке белгісіз құнды мәліметтер ашылады деген болжам бар.