Қазақстандық ғалымдар бактериядан пластик өндіріп шығарды

Қазақстандық ғалымдар бактериядан пластик өндіріп шығарды
Сурет: Qazaqtv.com

Алматылық ғалымдар бактериядан пластик алуға болатынын ойлап тапты. 

Ғалымдардың ноу-хау өнертабысы «псевдомонас» деп аталатын микроағзаның биоматериалынан ыңғайлы материалды синтездеуге мүмкіндік береді. Зерттеушілер бұл бактерияны кәдімгі цикорий тамырынан алып, оның қасиеттерін сегіз ай бойы зерттеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Айта кетейік, алынған пластикті көптеген тауарлардың сыртына жағу арқылы қаптама ретінде пайдалануға болады. Ғылыми жаңалық жемістерді, көкөністерді, тіпті дәнді дақылдарды ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биопластиктің басты қасиеті табиғатта тез ыдырайтындығы. Биопластик жасанды тамыр жасау үшін де қолайлы.

«Биопластикті тұқым қабығы ретінде пайдалануға болады. Мұндай жабындар тұқымның сапасын жақсартады, оларды тұқымның өнуіне ықпал ететін әртүрлі қоректік заттармен байытуға болады. Сондай-ақ, биопластикпен қапталған  тұқым сыртқы ортаның әсерінен қорғалады», - деді ҚазҰУ биотехнология кафедрасының доценті Людмила Игнатова.

Ғалымдардың айтуынша, егер жоба мемлекет тарапынан қолдау тапса, зерттеуді жетілдіріп, алдағы үш жылда ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге болады.