Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында командалық сайысқа қатысады

Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында командалық сайысқа қатысады
Сурет: Ашық дереккөзі

Командалық сайыс аралас түрде өткізіледі

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында балуандар 13 қазанда командалық сайысқа қатысады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Командалық сайыс аралас түрде өткізіледі. Онда ерлерден 3, әйелдерден 3 салмақта балуандар ел намысын қорғайды.

Қазақстандық балуандар алғашқы айналымда Нидерланд құрамасымен кездеседі. Жеңімпаз құрама жарыстың келесі сатысында Жапониямен шеберлік байқасады.

Олардан басым түскені финалға жолдама алады.
Ал жеңілген құраманың жұбаныш белдесуіне қатысуына мүмкіндігі бар. Жұбаныш белдесуінде жеңгені қола жүлдеге таласады.

Командалық сайыста ерлерде Данияр Шәмшаев пен Асқарбек Ғайнуллин (екеуі де 73 келі), Дидар Хамза мен Ерсұлтан Мұзафаров (екеуі де 90 келі), әйелдерде Севара Нишанбаева (57 келі), Есмигүл Куюлова мен Анастасия Маякова (екеуі де 70 келі), Кәмила Берліқаш (78 келі) ел намысын қорғайды.
Еске салсақ, 12 қазанда қазақстандық балуандар жекелей сында жарысты аяқтады.