Қазақстандық домбырашылар халықаралық байқаудан жүлделі оралды

Қазақстандық домбырашылар халықаралық байқаудан жүлделі оралды
Cурет: Qazaqtv.com

Қазақстандық дарындар әлем сахналарын бағындыруда

Домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Испанияда өткен «Music Box» халықаралық байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Жерлестеріміз «Аспаптық музыка» номинациясында жеңіске жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Бұл топта 36 елдің өнерпаздары бап пен бақ сынасып көрді. Қазақстандықтар бірінші кезеңде Никколо Паганинидің «Каприс №24» туындысын авторлық өңдеуде орындап, төрешілерді таңғалдырды. Ал екінші турда домбырашылар «Тақтар ойыны» телехикаясының саундтрегін орындап, конкурстық бейнеролик түсірді. Сөйтіп қатысушылар арасында ең жоғары ұпайға ие болды.

Музыканттар мамыр айында Испанияда өтетін офлайн фестивальге жолдама мен белгілі музыка сарапшыларының шеберлік сабағына жеке қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Еске салсақ, Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз бұған дейін «Үздік аспаптық дуэт» номинациясы бойынша «Bridge TV» жүлдесіне ие болып, «Golden Time Talent» халықаралық фестивалінде бірінші орынды жеңіп алған, сонымен қатар Испанияда өткен «Costa Brava Music» фестиваліне қатысқан.