Қазақстандық дәрігер 4 жасар қыздың ішінен бір келі шаш алып шықты

Қазақстандық дәрігер 4 жасар қыздың ішінен бір келі шаш алып шықты
Сурет: Fraza.com

Қыздың операциядан кейінгі жағдайы қанағаттанарлық.

Қызылорда облысында «Асқазанның трихобезоары» диагнозы қойылған кішкентай қызға ота жасалды. Хирургтар баланың асқазанынан салмағы 1 келі, ал  ұзындығы 34 сантиметр болатын шашты алып тастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Turkystan.kz сілтеме жасап. 

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Төлегеновтің айтуынша, науқас тәбетінің төмендеуіне, іштің ауыруына және жүрегінің айнуына шағымданған.

«Тексеру кезінде біз балақайдың ішінен ісік тәрізді түзілуді анықтадық. Сөйтіп, оған «Асқазанның алып трихобезоары» деген диагноз қойылды. Бірден дереу ота жасау туралы шешім қабылданды», – деді Әлімжан Төлегенов.

Хирург түсіндіргендей, трихобезоар – асқазандағы бөгде зат. Ол құрылымы тығыз бір затқа жабысып қалған шаштардан тұрады. Кішкентай балалардың кез келген затты жұтып қоятыны белгілі. Уақыт өте келе, ол асқазанды толтырады. Салдарынан науқас тамақ іше алмай қалады, тәбеті де болмайды.

«Біздің болжамымыз бойынша, бала бір жастан бастап жердегі шаштар мен түрлі қылшықтарды жей бастаған. Қыздың операциядан кейінгі жағдайы қанағаттанарлық. Ол кем дегенде тағы 10 күн дәрігерлердің күтімінде болады», – деді хирург.