Қазақстандық боксшылар елордадағы халықаралық турнирде 11 алтын жеңіп алды

Қазақстандық боксшылар елордадағы халықаралық турнирде 11 алтын жеңіп алды
сурет: Inform.kz

Қазақстан командалық есепте көш бастады

Ел астанасында бокстан «Елорда кубогы» халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жарыс қорытындысында қазақстандық боксшылар 11 алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте көш бастады.

Атап айтқанда, 48 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов өзбекстандық Асылбек Жалиловты төрешілер шешімімен (4:1) ұтты.
Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта кубалық Алехандро Кларо Фисстан айласын асырды (5:0).
Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта қытайлық Фан Бодан басым түсті (5:0).
Серік Теміржанов 57 келіге дейінгі салмақта тартысты бәсекеде төрешілер шешімімен кубалық Освел Дэвид Кавалльероны сүріндірді (3:2).
Саматәлі Төлтаев 60 келіге дейінгі салмақта отандасы Талғат Сырымбетовті жеңді (4:1).
Мұхамедсабыр Базарбайұлы 63,5 келіге дейінгі салмақта Санатәлі Төлтаевты қапы қалдырды (5:0).
19 жастағы Абзал Серік 67 келіге дейінгі салмақта Дулат Бекбауовты ұтты (4:1).
Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы, жапониялық Севонрет Оказавамен айқасып, жеңіске жетті (4:1).
Кубалық Йоэнлис Фелисиано Эрнандес Мартинес 75 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Саиджамшид Жафаровты ұтты (3:2).
Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта қытайлық Танглатихан Эрбиекеден сәл басымдау болды (3:2).
Абзал Құттыбеков 86 келіге дейінгі салмақта кубалық Яиниер Аереодан үшінші раундта нокдаун алғанына қарамастан, чемпион атанды (3:2).
Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта аса тартысты жекпе-жекте отандасы Сағындық Тоғамбайды жеңді (3:2).
Аса ауыр салмақта Дамир Тойбай финалда өзбекстандық Лазизбек Мулложоновқа есе жіберді (0:5).
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов аталмыш жарыста Абзал Серік секілді жастардың да жақсы өнер көрсеткенін жеткізді.