Қазақстандық әскери альпинистер таудағы дайындықтан өтті

Қазақстандық әскери альпинистер таудағы дайындықтан өтті
Сурет: Gov.kz

Олар табандылық танытып, шыдамдылықтарын шыңдады.

Қазақстан Қарулы Күштерінің Таудағы даярлық орталығында альпілік және барлау бөлімшелері әскери қызметшілерімен оқу-әдістемелік жиындар өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қарулы Күштерде жауынгерлік оқу шаралары Мемлекет басшысының әскердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүргізілу үстінде»,- делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жиынның негізгі мақсаты – тау кедергілерін еңсеру машықтарын жетілдіру, биік тауларда күрделі жағдайда жауынгерлік іс-қимылдар жүргізудің тактикалық әдістері мен тәсілдерін орындау.

Осындай сабақтар барысында жеке құрам таудағы даярлық деңгейін жетілдіріп қана қоймай, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде төзімділікті, шыдамдылық пен табандылықты нығайтады.

Бірқатар әскери қызметшілер тау даярлығынан нұсқаушы ретінде біліктілігін арттырып, альпинизм бойынша үшінші және екінші разрядтардың нормативтерін орындады.

Жиынды қорытындылаған Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы, полковник Болат Жорабаев жеке құрамның оқу бағдарламасын сәтті орындағанын атап өтіп, әскери альпинистерге сертификаттар мен төсбелгілерді табыс етті.