Қазақстандық 15 компания Иранға өнімдерін таныстырды

Қазақстандық 15 компания Иранға өнімдерін таныстырды
Сурет: Pars Today

Олардың қатарында тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, IT-индустрия, металл прокаты сияқты салалар бар.

Үкіметтің ресми сайтының мәлімдеуінше, бұл Қазақстанның Иранға соңғы 5 айдағы екінші сауда-экономикалық миссиясы, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Тегеранда қазақстандық бизнес-миссия табысты өтті.

Қазақстандық бизнесті тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі, IT-индустрия, металл прокаты және т. б. салаларда жұмыс істейтін 15 өндіруші компания таныстырды.

Атап айтқанда, Иран бизнесімен келіссөздерге ет, ұн өнімдерін өндірушілер, жұмыртқа, макарон өнімдерін, балмұздақ, өсімдік майы мен жарма өндірушілер қатысты. Сондай-ақ химиялық өнімдер, болат сымдар мен арқандар, металл бөшкелер, телекоммуникациялық жабдықтар мен модем өндірушілер де бар.

Қазақстандық бизнестің Иранға сауда-экономикалық миссиясын ұйымдастырушы — «QazTrade» АҚ экспортты қолдау мен дамытудың бірыңғай операторы. Сауда-экономикалық миссияны ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Иран Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Біз Қазақстан-Иран екіжақты сауда-экономикалық қатынастарын одан әрі дамыту мен тереңдетуге, әсіресе елдеріміз арасындағы сауданы дамытуға үлкен мән береміз», — деді Б. Сұлтанов.

Қазақстандық компаниялар Иранға металлургия саласын, тамақ, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарын қоса алғанда, $162,3 млн сомасына бірқатар салалардың өңделген тауарларының экспортын арттыруға дайын.

В2В келіссөздердің қорытындысы бойынша қазақстандық және ирандық компаниялар $14 млн сомасына бірнеше келісім жасасты. Атап айтқанда, Иранға ет, ұн, балмұздақ, өсімдік майын жеткізуге арналған келісімшарттарға қол қойылды. Сондай-ақ QazTrade АҚ мен Trade Promotion Organisation of Iran арасында тауар айналымын $100 млн-ға арттыруға өзара ниет туралы меморандумға қол қойылды.