Қазақстандағы киік саны 1,2 млн жетеуі мүмкін

Қазақстандағы киік саны 1,2 млн жетеуі мүмкін
Сурет: Oir.mobi

Экологтардың болжамы.

Қазақстандық экологтар үстіміздегі жылы киік саны бір миллионнан асады, деп болжап отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 842 мың киік бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.   

Маманның айтуынша, киіктердің төлдеуі жыл сайын сәуірдің соңынан мамырдың ортасына дейін жалғасады. 

«Біз жыл сайын киіктердің есебін жүргіземіз. Бүгінге дейін елімізде альбинос киік төлінің туу жағдайы тіркелмеді. Қазақстанда кең тараған үш киік түрі бар. Ол үстірт киіктері, Бетпақдала және Орал киіктері. Өткен жылдың есебі бойынша елімізде 842 мың киік бар. Биыл аталған көрсеткіш арта түседі деген үміттеміз. Шамамен 1,2 млн киікке жетеді деген болжам бар. Жалпы әлем бойынша киіктердің 90 пайызы біздің елімізге тиесілі», - дейді «Охотзоопром» республикалық мекемесінің бөлім басшысы Азамат Ақаев.

Жыл сайын киіктер есебі олар төлдеп болғаннан кейін жүргізіледі. Ал оның қорытындысы жыл соңында дайын болады. 

«Киіктер төлдеп жатқанда кедергі келтіруге болмайды. Яғни оларды мазаламау керек. Сол сияқты киіктерге санақ жүргізу ғылыми ұйымдар бекіткен әдіске сәйкес жүзеге асырылады. Санақ негізінен тікұшақтың көмегімен жүргізіледі. Киіктердің төлдеу процесін құзырлы органдар және салалық ғылыми мекемелердің өкілдері мен мамандары қадағалайды. Жағдайды жыл бойы зерделеп, жыл аяғында оның қорытындысын шығарады», - деді маман. 

«Охотзоопром» өкілінің мәлімдеуінше, елімізде жыл санап киіктердің көбеюі байқалады. 

«Бақылау мен қабылданып жатқан шараларға қарамастан браконьерлік фактілер бар. Біздің инспекторлар киік аулаушылармен күресті тәулік бойы жүргізеді. Киік аулау – ол қылмыс. Қылмыстың алдын алу мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданып, қолданысқа еніп жатыр», - дейді Азамат Ақаев.