Қазақстандағы кәсіпкерлік: Тың идея айтылды, масылдық психология жойыла ма?

Қазақстандағы кәсіпкерлік: Тың идея айтылды, масылдық психология жойыла ма?

Президент кәсіпкерлермен кездесті. Бұдан ақпарат құралдары нейтралды месседждер таратса да, сөз астарын ұғатын сарапшы үшін Мемлекет басшысының қазіргі жағдайға көңілі толмайтыны анық көрініп тұр. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы 10 жылда түрлі әлемдік экономикалық кризистермен бепте-бет келгендіктен Қазақстан «қолдан басқару» үлгісін енгізіп, кәсіпкерлерге субсидиялық көмек, яғни ақшалай қолдау білдіре бастаған болатын. Бірақ қолдауды дұрыс қолдану мен «бер-бер» дейтін масылдық арасы бір қадам болып шықты. Енді бізге отандық кәсіпкерлікті масылдық және репрессивті рельстен қалай шығару керектігін тез арада шешкен жөн. Ақорда оны түсініп отыр. Ал Үкімет ше?


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек, – деді.


Бұл ретте Президент мемлекет пен бизнес арасында болатын жаңа «қо­ғамдық шарт» ұсынып отыр. Қ.Тоқаев­тың сөзімен айтсақ, мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегін­де кәсіпкерлер өздеріне жүктелген мін­детті, атап айтқанда, салық төлеу, эконо­микаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолай­лы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындауы тиіс.


Дәл осы жолда екі өзекті мәселені шешуге тура келеді.



№1. МАСЫЛДЫҚ


2015–2021 жылдары Қазақстан өз кәсіп­керлерін қолдауға 7 триллион теңге жұмса­ған. Ал сол кезеңде бизнестен 4,5 триллион теңге ғана салық түсті. Бұл – бизнесті теплицаға салып өсіріп отырған адамның тірлігіне ұқсайды. Классикалық жағдайда бизнес салық төлеп, мемлекетке көмекте­суі тиіс. Біз кері реверсте отырмыз: бизнес мемлекетке бергеннен гөрі, мемлекет биз­неске көбірек береді.



Экономикалық тұрғыдан алсақ, мұндай жағдайдың өте қауіпті екенін байқаймыз. Қазір тек мұнайдың арқасында ғана отыр­мыз. Президент «кейде бизнесті кәсіп­керлікпен айналысу үшін емес, мемле­кеттік қолдауға ие болу мақсатында құратын жағдайлар кездеседі. Нәтижесін­де мемлекеттік қолдау шараларының эко­номикалық қайтарымы жұмсалған бюджет қаржысының көлеміне сай келмейді», – деп проблеманы нақты айтты. Бәсекеге қабілетті бизнес, нағыз капитализмнен субсидиялық бизнеске ауысып кеткендер аз емес. Онда субсидия біз үшін пайдалы ма, зиян ба деген сұраққа жауап табу керек. Оның шешімі бар ма?



Менің ойымша, бизнесті қолдаудың субсидиялық, қаржылық бағытын 2025 жылға дейін тоқтатып, оның орнына заң­намалық/тарифтік емес протекционистік қолдауға ауысу қажет. Яғни бізде өндіріл­ген тауарға бәсекелес болатын импортты шектеп, контрабандамен күресті күшейтіп, елдегі шетелдік компанияларды тек қана отандық өніммен жұмыс істеуге мәжбүр­леп көрсе болады. Ал қаржылық қолдау орнына экспортқа жұмыс істейтін кәсіпорындарымызға тегін экспорттық сақтан­дыру мен біздің экспортты тұтынатын шетелдік компанияларға арзан кредиттер, ішкі нарықта жұмыс істейтін кәсіпорында­рымызға тегін банкроттық сақтандыру тетіктерін қарастырып көрген жөн. Сол кезде масылдық психологиясынан біржо­лата арыла аламыз.




№2. ҚАДАҒАЛАУШЫ ОРГАНДАР АРМИЯСЫ


Қадағалаушы, күштік құрылымдардың психологиясын өзгерту мүмкін болмады. Олар әр кәсіпкерді өзінің статистикасын жақсарта алатын қылмыскер ретінде са­найды. Немесе оны сауын сиыр көретіні рас. Президент «Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қа­рамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипаты­на алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кәсіпкерлерге көмектесу керек. Ал кәсіпкерлер шағымданушы немесе қолдауға мұқтаж рөлінде көрінбей, мемле­кеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс», – деп, қазіргі шындықты ашып айтты.



Бірақ бұл проблеманы сөзбен немесе жолдаумен шеше алмаймыз. Қадағалаушы органдар, онда жұмыс істейтін адамдар тым көп. Көп болғандықтан олардың әр уақытта қолдары қышып тұрады. Сол се­бепті, 2025 жылға дейін ДЭР деп аталатын Экономикалық тергеу департаментін то­лық жауып, қызметкерлерін таратып жібе­ру қажет. Ал Жемқорлыққа қарсы күрес бюросының штатын 40 пайызға қысқарт­қан жөн. Оның орнына экономикалық судьялар санын арттыру керек. Сол кезде біз экономикадағы «репрессивті режим­нен» толық кете аламыз.



«Салық органдары кәсіпкерлерді жап­пай сотқа тартып жатыр. Атап айтқанда, келісімдерді жарамсыз деп тану жөнінде талап-арыз көп беріледі. Соттардың жүкте­месі едәуір артты. Оларға салықтың дұрыс төленуін тексеру міндеті де жүктелді. Бұ­ған жол беруге болмайды. Жағдайды түзеу үшін шаралар қажет. Жалпы, бізде салық қызметі мейлінше тиімді жұмыс істейді. Үкімет жаңа Салық кодексінде салықтан жалтаруға қарсы іс-қимылдың тиімді меха­низмін қарастыруы керек», – деді Мемле­кет басшысы. Бұл өз кезегінде үлкен проб­леманы, атап айтқанда, қазіргі Салық кодексінің шикі екендігін және оның тар­мақтарын салық органдары өз мүддесіне оңай бұрып, кез келген уақытта қосымша салық сала алатынын көрсетеді. Жалпы, еліміздегі салық заңнамасының проблема­сын халықаралық аудиторлық компаниялар өз есептерінде анық жазып жүр. Түсініксіз салық режимі ірі инвесторлардың Қазақстанға кіруіне үлкен кедергі деп танылаты­ны жасырын емес. Басты үмітіміз жаңа Салық кодексінде болған. Бірақ оның ал­дын ала параметрлеріне қарап, кардиналды ештеңе өзгермегенін көрдік.


Бұл жерде «арба-өгіз» жағдайына тап болып отырмыз. Салық Кодексін түгел өз­гертсек, бюджеттік коллапсқа ұшыраймыз. Себебі, 30 жыл бойы осы режимге үйреніп қалған қаржыгерлер, бухгалтерлер армия­сының мүлде жаңа механизмді қабылдауы, сонымен жұмыс істеуі үшін кем дегенде 3 жыл керек. Ал бізде ондай уақыт жоқ.


«Аlmaty-akshamy» №109, 14 қыркүйек, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

23:08

22:54

22:42

20:45

20:38

20:24

19:58

19:38

18:50

18:41

18:25

18:07

17:53

17:41

17:28

17:10

17:09

16:34

16:25

16:18

16:09

16:07

15:22

14:48

14:38